Референдум-2026

Үстел теннисінен Астанада өтетін әлем чемпионаты туралы келісімге қол қойылды

Үстел теннисінен Астанада өтетін әлем чемпионаты туралы келісімге қол қойылды
Фото ұйымдастырушылардан

2027 жылы Астанада өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Құжатқа Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин мен Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлинг қол қойды. Рәсім Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) ашылу салтанаты аясында өтті.

Келісім 2027 жылғы ITTF World Table Tennis Championships Finals ASTANA–2027 әлем чемпионатын халықаралық стандарттарға сай ұйымдастыру және өткізу бойынша тараптардың өзара міндеттері мен ынтымақтастығын айқындайды.

Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин бұл оқиғаны еліміздегі үстел теннисін дамытудағы маңызды кезең деп бағалады.

«Бүгін біз 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу туралы келісімге қол қою сынды тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бұл – Қазақстанда үстел теннисін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың заңды жалғасы. Халықаралық үстел теннисі федерациясына елімізге сенім білдіргені үшін, сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі мен Туризм және спорт министрлігіне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізетінімізге сенімдімін», – деді Данияр Әбілғазин.

Айта кетейік, 2027 жылдың 22-30 мамыры аралығында Астана Орталық Азия тарихында алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Дүбірлі додаға әлемнің 100-ден астам елінен үздік спортшылар, мыңдаған жанкүйер, ресми делегациялар мен халықаралық БАҚ өкілдері келеді деп күтіліп отыр.

ITTF президенті Петра Сёрлинг бұл келісім чемпионатқа дайындықтың жаңа кезеңін бастайтынын атап өтті.

«Бүгін біз алдағы әлем чемпионатына дайындықтың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам жасадық. Қазақстанмен бірлесіп ITTF тарихындағы ең үздік турнирлердің бірін өткізетінімізге сенімдімін. Қазақстанға, Астана қаласына, Қазақ ұлттық спорт университетіне және Қазақстан Үстел теннисі федерациясына нәтижелі ынтымақтастық үшін алғыс білдіремін. 2027 жылы Астанада қайта жүздесуді асыға күтеміз», – деді ол.

Қазақстанға сапары барысында ITTF делегациясы жаңадан ашылған Қазақ ұлттық спорт университетінің жұмысымен де танысты.

ASTANA–2027 әлем чемпионатына дайындық Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясы, Халықаралық үстел теннисі федерациясы, Туризм және спорт министрлігі және Астана қаласының әкімдігі арасындағы бірлескен жұмыс аясында жалғасып жатыр.

Алдағы әлем чемпионаты Қазақстанда осы спорт түрінен өтетін ең ірі халықаралық дода болмақ. Сонымен қатар бұл жарыс еліміздің халықаралық спорт қауымдастығындағы беделін арттырып, әлемдік деңгейдегі жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынын тағы бір мәрте көрсетеді.