00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада дене шынықтыру және спорт саласы қалай дамып жатыр

Астанада дене шынықтыру және спорт саласы қалай дамып жатыр
фото: https:www.gov.kz

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу қарсаңында қандай іс-шаралар қолға алынды? Жалпы бұқаралық және олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бойынша атқарылған жұмыстар қандай? Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов Elorda.info тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына жауап берді.

Елордада бұқаралық спортты дамыту үшін қандай жағдай жасалған? Қала тұрғындары қай спорт түріне қызығушылық танытады?

Астанада бұқаралық спортты дамытуға жіті назар аударылады. Қалада спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру бағытында 1081 ұйым жұмыс істейді, 600 мыңға жуық адам тұрақты түрде спортпен айналысады.  Бұл қала халқының 39,1%-ын құрайды.  

Түрлі мекемелер мен тұрғылықты жері бойынша дене шынықтыру-сауықтыру клубтары бар. Бұған қоса сауықтыру кешендерінде фитнес-клубтар мен спорттық-сауықтыру қызметтерінің желісі кеңейді. Сондай-ақ, мемлекеттік спорттық тапсырыстар да оның қатары артуына ықпал етіп отыр.

Астана қаласында 173 спорт түрі қамтылған. Олардың ішінде олимпиадалық спорт түрлері – 49; олимпиадалық емес спорт түрлері – 50;  ұлттық спорт түрлері – 12; мүгедектер спорт түрлері –55; техникалық спорт түрлері – 7.

Олимпиадалық спорт түрлерінен ең көп таралғаны - баскетбол, стритбол, волейбол, футбол және шайбалы хоккей. Бұған қоса дзюдо, бокс, велоспорт, жүзу, сияқты спорт түрлерімен айналысатындар да көбейіп келеді. Шайбалы хоккей, шорт-трек, шаңғы және конькимен сырғанау секілді спорт түрлеріне қызығушылық артып келе жатқанын байқап жүрміз. Олимпиадалық емес спорт түрлерінің арасында каратэ, джиу-джитсу, шахмат, панкратион түрлері танымал.

Елордада биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 310 спорттық іс-шара өткізілді, оған 175 мың адам қатысты. Сонымен қатар, AULA fit әлеуметтік жобасы іске асырылуда. 3 мыңнан астам елордалық 15 тәжірибелі жаттықтырушымен бірге дене шынықтырумен айналысады.  

Балалар мен жасөспірімдерге спортпен айналысу үшін қандай жағдай жасалған?      

Қалада балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 спорт мектебі бар.  Оларға 8 758 бала барып жүр.

Сонымен қатар, балалар-жасөспірімдер спортын және бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2021 жылғы 1 мамырдан бастап мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру тетігі енгізілді. Басқарма мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізеді.

Бүгінгі таңда қалада спорттың 34 түрі бойынша 931 секция жұмыс істейді. Балалардың көбі шахмат, дзюдо, каратэ, бокс, футбол және көркем гимнастикаға барады.

Бүгінгі таңда әкімдіктің қолдауымен ашылған 20 аула клубы жұмыс істейді, олардың негізгі қызметі балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған. Үйірмелер мен аула клубтарының секциялары тегін қызмет көрсетеді.

Қала бойынша қай ауданда спорттық инфрақұрылым жақсы дамыған?

Астанада әр мың адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу көрсеткіші 34,25% құрайды. Бүгінгі таңда қалада 600-ден астам спорттық нысан бар. Оның ішінде 34 ірі спорт ғимараты. Оның 7 «Алматы», 2- «Есіл», 15- «Нұра», 8- «Сарыарқа», 2-і «Байқоңыр» ауданында орналасқан. Жыл соңына дейін Алматы ауданы «Железнодорожный» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тапсыру жоспарланып отыр.  

Сондай-ақ, Қ. Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион және «Қазақстан» спорт сарайын қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Спорттық инфрақұрылымды жақсарту үшін қала әкімдігі мен дене шынықтыру және бұқаралық спорт саласын дамытудың 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Онда көпфункционалды спорт кешендерін, ескек есу спорт түрлеріне арналған спорт базасын салу, жұмыс істеп тұрған веложолды қайта жаңарту, футбол күмбездерін, жазғы және қысқы ойын спорт түрлеріне арналған модульдерді орнату көзделген.

Республикалық, халықаралық деңгейдегі  жарыстарда топ жарған спортшыларға қандай қолдау көрсетіледі?

Қалада 7 мамандандырылған олимпиадалық резерв балалар мен жасөспірімдер мектебі және 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар.

Онда 6 875 спортшы олимпиадалық спорт түрлерімен айналысады, оның 204-і 1 спорттық разрядты, 397-сі спорт шеберіне үміткер, 49-ы спорт шебері және 8-і халықаралық шеберлерге ие. 

Ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлерімен 1 883 адам айналысады, оның 54-і 1-спорттық разряд, 200 спорт шеберіне үміткер, 2 спорт шебері.

Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептері мен балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері әдетте спорт секцияларының түріне әр оқу жылының басында спортшылардың деңгейіне байланысты қабылдайды. Кейбір спорт түрлерінде қабылдау талаптары бар, мысалы, белгілі бір жас, физикалық дайындық деңгейі ескеріледі. Елорда намысын республикалық, халықаралық деңгейде қорғап, жарыстарда топ жарған спортшыларға Астана қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 5 қазандағы қаулысымен бекітілген ай сайынғы ақшалай төлем қарастырылған.

1 айдан кейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Дайындық барысы қалай жүріп жатыр?

Астана қаласы әкімдігі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясымен және  штабпен бірлесіп, жылдың басты спорттық іс-шарасы - V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге белсенді дайындық жүргізіп жатыр.

Жалпы ойындарды өткізу үшін 7 нысан анықталды, оның үшеуі бойынша, атап айтқанда «Астана Арена» стадионы, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Қазанат» ипподромында қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, жол құрылысы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, абаттандыру, қаланы безендіру және жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.  

Қаланы безендіру тұжырымдамасы әзірленді, 1200-ге жуық жарнамалық конструкциялар орналастырылатын болады.

Дирекция бүгінгі күні 1000 еріктіні іріктеп алды. Сондай-ақ, қала әкімдігі қосымша 400 еріктіні қамтамасыз етеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Астана қаласы полиция департаментінің барлық жеке құрамы және басқа өңірлерден жедел әрекет ету жасағының 1200 қызметкері жұмылдырылады.