Тоқаев пен Хачатурян Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысты
Екі ел басшылары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Арменияның мәдениет күндеріне орай ұйымдастырылған салтанатты концертке барды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттер, ең алдымен, даңқты армян кинорежиссері және суретшісі Сергей Параджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған театр фойесіндегі фотокөрмені тамашалады.
Концертте Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі мен Инга Аршакян, Гор Суджян секілді өнерпаздары әлемге әйгілі армян композиторлары Комитастың, Шарль Азнавурдың, Жорж Гарваренцтің және Арно Бабаджанянның музыкалық шығармаларын орындады.
Сонымен қатар 15-16 қазан күндері Астанада Армения киносының күндері өтеді. Ал Сос Саркисян атындағы «Амазгаин» театры көрермен назарына Даниил Хармс шығармасының желісімен қойылған «Лю-Беф» спектаклін ұсынады.