ЮНЕСКО Қазақстанды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
ЮНЕСКО басшылығы қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, қазақтың күй өнерін сақтау мен насихаттау бағытындағы еліміздің жұмысына жоғары баға берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Найеф әл-Файездің айтуынша, домбырада күй тарту өнері 2014 жылдан бері ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енген.
«Бұл бірегей музыкалық дәстүр адамдарды тарихымен, бүгінімен және бір-бірімен байланыстырады. ЮНЕСКО Қазақстанда домбыраны ерекше дәріптеуді және осы құндылықтың ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына бағытталған бастамаларды жоғары бағалайды», – деді Найеф әл-Файез.
Сондай-ақ ол ЮНЕСКО Қазақстанның ұлттық музыкалық мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа аманат ету жолындағы жұмыстарын қолдайтынын атап өтті.
Еске сала кетейік, екі жыл бұрын ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде домбырада күй тарту өнерінің Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгеніне 10 жыл толуына арналған мерейтойлық мәдени іс-шара өткен болатын. Бүгінде домбыра үні ЮНЕСКО төрінде тұрақты түрде шырқалып келеді.
Бұған дейін Астанада Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өткенін жаздық.