Нәзира Маломанова: Дәрігер өзіне сенімді болса, сол сенімді пациентінің санасына ұялата алады
Медицина қызметкерлері күніне орай, Астанадағы №7 қалалық емхананың кардиологы, УДЗ дәрігері Нәзира Маломанова Elordainfo.kz тілшісіне жүрек тұсындағы лүпілдің құны мен отандық кардиологияның беталысы туралы айтып берді.
Талай жанның дертіне дауа тауып жүрген, 27 жылдық тәжірибесі бар білікті маман Назира Тиыштыққызының бұл салаға келуі кездейсоқ емес екен.
«Мектепте оқыған кезімде әкем менің дәрігер болғанымды қалайтын. Өйткені өзінің анасы осы жүрек ауруынан көз жұмды. «Соны зерттеп білсе, біздің отбасымызда сондай ауру болмаса екен» деген ниетпен мені сол салаға бағыттады», - дейді Нәзира Маломанова.
Кейіпкеріміздің айтуынша, кардиолог жұмысының ең үлкен жеңісі мен бақыты – дер кезінде қойылған нақты диагноз бен сақталған адам өмірі. Дәрігер бұл сәтті былай деп сипаттап берді.
«Бізге қабылдауға келген пациенттің бір-екі күнде немесе айда инфарктқа ұшырау қаупі бар екенін не аневризмасы жарылып кетуі мүмкін екенін анықтағанда, жылдам әрекет етіп, стационарға жатқызамыз. Отадан кейін өлім аузынан қалған науқастар қайта айналып келіп, стационардағы мамандардың «Дәрігеріңіз дер кезінде емдеуге жіберген екен, әйтпесе бір-екі күн ғана өміріңіз қалыпты», деген сөзін айтып, құтқарып қалған біздерге алғысын жаудырады. Міне, осындай қуанышты сәттерде бұл салада маман болып босқа жүрмегенімді сезінемін. Мен үшін ең үлкен бақыт – пациенттердің шынайы алғысы!», - деді ол.
Кардиологтың айтуынша, соңғы ширек ғасырда медицина, оның ішінде кардиология саласы адам танымастай өзгерген.
«Менің кардиология саласына келгенімен 27 жыл болыпты. Сол бастапқы жылдарды кейінгі үш жылмен салыстырсақ, біздің саладағы ғылымның қарқынды дамығанына куә боламын. Нақтырақ айтсақ, ТМД елдерінде, тіпті әлем елдерінің ішінде біздің кардиология өте жақсы дамыды десем артық айтқандық емес. Өйткені бізде қазір жаңа технологиялар арқылы оталар жасалады. Бұрында адам инфаркт алар болса, интервенция, тамырды ашу деген оталар болмайтын. Соны қаншама маман интервенциялық кардиологияны оқып келіп, сол тәжірибені елімізде бекітіп, сол тәсіл арқылы қаншама науқасты инфаркттан құтқарып қалды. Бұрында инфарктқа шалдықса, онда ол адамды біз жай ғана консервативті таблеткамен емдейтінбіз. Таблеткамен емдегеннің өзінде олар толық, таза айығып кетпейін еді». - деп Нәзира Тиыштыққызы тәжірибесіндегі өзгерістерді бағалап өтті.
Әр науқасқа ауыр диагнозды естірту немесе ота қажеттілігін жеткізу оңай емес. Бұл тұста дәрігердің ішкі дайындығы мен психологиялық мықтылығы рөл ойнайды.
«Ішкі дайындық болғанда, осы жалпы медицина саласына келген адам, мединституттың бірінші курсынан бастап осы пациент үшін жұмыс істейді. Пациент үшін психологияның алуан баспалдағынан өтесің. Ол жерде де қаншама ауыр диагнозды көреміз. Сол кезден бастап ширайсың. Ал пациент алдыңда отырғанда, науқасының түрін, оны емдеу жолдарын нық сеніммен жеткізе білуі керек. Ол айығатынына сенуі үшін дәрігер ем-дом шарасын дұрыс таңдағанына барынша сеніп тұруы тиіс. Өзің сенімді болсаң, оны сіз пациентіңізге жеткізе аласыз. Қаншалықты қиын болса да, «мен де сізбен біргемін» дейміз. Ауыр диагнозды пациентті отаға жолдасақ не өзіміз емдейтін болсақ оған қолдау білдіріп, ақыл-кеңесімізді айтып, ұдай жағдайын сұрап біліп тұрамыз», - дейді ақ халатты абзал жан.
Ол медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жүрек жарды лебізімен бөлісті.
«Біздің кәсіби мерекеміздің алдында болашақ дәрігерлерге, әріптестеріме, ең алдымен батыл болуын тілеймін. Өйткені біздің жұмысымыз батылдықтан, нақты ойлау мен тез шешім қабылдаудан тұрады. Әр кезде пациентіміздің денсаулығын, оның тез сауығуын ойлауды ұсынамын. Пациенттің алдында дұрыс дәрігер болу үшін, оған көмектесе алу үшін, оған дұрыс ем-шара қолдану үшін, әрине, біріншіден, біз өзіміздің денсаулығымызды бақылауымыз керек. Біз мықты болсақ, біздің пациенттерге беретін еміміз, оларды сүйемелдейтін жағдайымыз өте жақсы болады», - деп түйіндеді сөзін Нәзира Маломанова.
Авторы: Әдемі Сайрамбаева