00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордалықтар бокстан Азия чемпионатының жүлдегерлерін күтіп алды

13 желтоқсан, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Елордалықтар бокстан Азия чемпионатының жүлдегерлерін күтіп алды
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Кеше елордалықтар Астана халықаралық әуежайында бокстан Азия чемпионы Айбек Оралбай мен күміс жүлдегер Санжар Тәшкенбайды салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бокстан 29 қараша-11 желтоқсан күндері аралығында Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионаты аяқталып, жерлестеріміз 9 алтын, 5 күміс, 6 қола жеңіп алды. Олардың арасында елордалық Айбек Оралбай мен Санжар Тәшкенбай бар.

«Көктемде Олимпиадаға дайындық мақсатында Астанада өткен Elorda Cup халықаралық турнирінде алғаш рет +92 келіде өнер көрсеткен едім. Енді міне Азия чемпионатында осы салмаққа көтеріліп, топ жардым. Қателіктерімді байқадым. Алдағы уақытта тағы тынбай жаттығып, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында бірінші нөмір екендігімді дәлелдеуге тырысамын», - деді ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай.

Бір қызығы, бұған дейін 2022 жылы өткен Азия чемпионатымен салыстырар болсақ, тек Айбек Оралбай ғана өз атағын қорғап, өзге салмақтарда жаңа чемпиондар шықты.

Ал ең жеңіл 48 келіде Әлем чемпионы, Азия чемпионы, басты фаворит саналған Санжар Тәшкенбай финалда өзбек боксшысына есе жібергенімен, ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов қорытынды шешіммен келіспейтіндігін мәлімдеген еді.

Айта кетейік, 1994 жылдан бері Азия чемпионатына тұрақты түрде қатысып келе жатқан Қазақстан сапынан әзірше Василий Левит қана ең көп яғни 3 мәрте жеңімпаз атанған.