Референдум-2026

Қаныш Сәтбаев атындағы каналда 5 сорғы агрегаты ауыстырылды

Қаныш Сәтбаев атындағы каналда 5 сорғы агрегаты ауыстырылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан негізгі су шаруашылығы жобаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, вице-министр Қаныш Сәтбаев атындағы каналдағы сорғы агрегаттарын жаңғырту және №87 бөгетті реконструкциялауды, сондай-ақ «Ертіс-Успенка» каналын реконструкциялау жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын көрді.

Нысандарды аралау кезінде Жандос Сәлімов мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, қолға алынған жобаның барлығын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Бұл жобалардың жүзеге асырылуы гидротехникалық нысандардың сенімділігін арттыруға, тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартуға, сондай-ақ өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ауқымы мен маңызын ескере отырып, министрлік бұл жобалардың іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі.

Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес нысанда 19 сорғы агрегаты мен 17 трансформаторды ауыстыру көзделген.

Қазіргі уақытта 5 сорғы агрегатын ауыстыру жұмысы аяқталуға жақындады. Таяуда тағы 5 агрегатты реконструкциялау басталады.

Сонымен қатар каналдың энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту аясында жоспарланған 17 трансформатордың 8-і орнатылды.

Жол картасының толық орындалуы канал жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттырып, тұтынушыларды сумен үздіксіз қамтамасыз етуге, сондай-ақ гидротехникалық нысандарды пайдалану тәуекелдері мен оларды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, биыл елімізде 283 каналды автоматтандыру жоспарланып отыр.