ҰБТ-ға дайындаймын деп 28 млн жымқырған күдікті Албаниядан экстрадицияланды
Қазақстанның Албаниядағы Елшілігінің қолдауымен бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматы аталған елден экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
2022-2023 жылдар аралығында күдікті интернет-ресурстарды пайдалана отырып, жоғарғы сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау және жоғарғы оқу орындарына кепілді түрде түсу бойынша қызметтер көрсету туралы көрінеу жалған мәліметтер таратқан.
Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде 32 азамат жалпы сомасы 28 миллион теңгеден астам ақшалай қаражатынан айырылды.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2025 жылдың мамыр айында ол Албания Республикасында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салайық, бұдан бұрын жоқ көліктерге несие рәсімдеген алаяқ Қырғызстаннан экстрадицияланды.