Референдум-2026

«Айбын-2026»: Қазақстан құрамасы халықаралық санатта жеңіске жетті

Бүгін, 18:04
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Айбын-2026»: Қазақстан құрамасы халықаралық санатта жеңіске жетті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Бір апта бойы Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледждің «Амандық» оқу полигонында жас патриоттар әскери-қолданбалы дайындық, күш-жігер, төзімділік және командалық үйлесімділік бойынша сынға түсті. Бағдарлама аясында әскери-тактикалық ойындар, зияткерлік сайыстар, спорттық жарыстар және шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.

Жиынның жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков қатысушыларды жарыстың сәтті аяқталуымен құттықтап, «Айбын» жиынының жыл сайын ауқымы кеңейіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Отан қорғаушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды алаңға айналғанын атап өтті.

XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынының бас жүлдесі – Гран-приді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің командасы жеңіп алды.

Халықаралық санатта Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Өзбекстан командасы иеленсе, үшінші орынды Әзербайжан, Қырғызстан және Ресей құрамалары өзара бөлісті.

Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында «Оңтүстік арландары» әскери-патриоттық клубы үздік атанды.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар командалары арасында Жетісу облысының «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы жеңімпаз болды.

Әскери колледждер мен облыстық мамандандырылған әскери мектеп-интернаттар арасында Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледждің командасы бірінші орынды жеңіп алды.

Ауқымды іс-шараның жарқын қорытындысы ретінде «Амандық» полигонының аспанын безендірген дрондар шоуы көрсетіліп, дәстүрлі «Айбын жалыны» алауы жағылды. Оның маңында қатысушылар жарыстың әсерлі сәттерімен бөлісіп, жаңа достар тауып, бір апталық жиынның қорытындысын шығарды.

XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің, көшбасшылық қасиеттерді дамытудың, достық байланыстар мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп жатқан «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан еді.