Жекеменшік мектепті қаржыландыру жүйесі реформаланып жатыр - вице-министр
Қазақстан жекеменшік мектептерді мемлекеттік қаржыландыру жүйесін реформалап жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz
Жайық Шарабасовтың айтуынша, жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жүйесін дамыту ашықтық, тиімділік және атаулылық қағидаттарына негізделген заманауи қаржыландыру тетігін енгізуді талап етеді. Былтыр қараша айында «OrtaBilim» сервисі іске қосылды. Бұл тәуекелді азайтуға және бұзушылықтары бар жекеменшік мектептерді қаржыландыруды болдырмауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру жөніндегі пилоттық жоба бекітілген.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік тапсырысты орналастыруға және жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде ғимараттың амортизациясына арналған шығыстарды қаржыландыру бойынша жаңа міндеттемені қабылдауға мораторий енгізілді. Бұл бюджеттен қаржыландыру көлемін тұрақтандыруға және одан әрі бақылаусыз өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет жұмыс істеп тұрған мектептер алдындағы міндеттемесін орындауды жалғастырады. Жыл басынан бері пилоттық жоба шеңберінде 749 жекеменшік мектепке 100 млрд теңгеден астам қаражат төленді», – деді спикер.
Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру тапсырысын аймақтардың оқушы орындарына деген нақты қажеттілігін жабатын жеке мектептерде ғана орналастыру ұсынылады. Прокуратура органдары мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептердің белгіленген білім беру стандартына сәйкестігіне лицензиядан кейінгі бақылауды жүргізеді.
Бұл ретте оқу-ағарту вице-министрі пилоттық жоба шеңберінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейінге қалдыру нормасы белгіленгенін, оған сәйкес білім беру қызметінің оқу корпусы нысаналы мақсаты сәйкес келмеген жағдайда мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысын алуға үміткер бола алмайтынын атап өтті.