Қазақстан мен Грузия Транскаспий бағыты мен екіжақты ынтымақтастықты талқылады
Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Грузия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысына назар аударылды.
Тараптар екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін, халықаралық ұйымдар аясындағы тиімді өзара іс-қимылды, сондай-ақ сауда, көлік және логистика салаларындағы серіктестікті оң бағалады.

Кездесу барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне ерекше мән берілді. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, туризм мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жолдары қарастырылды.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы кезеңге жоспарланған бірлескен іс-шаралар кестесін де талқылады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Mediterranean Shipping Company аға вице-президенті Эдуард Зигристті қабылдаған болатын.
Айта кету керек, Әзербайжан және Грузия елдерімен бірге бірыңғай ұзақмерзімді тариф моделін енгізу мәселесі пысықталып жатыр.