Қазақстанда шегірткеге қарсы 1,5 млн гектар алқап өңделді
29 маусымдағы жағдай бойынша өңірлерде болжанған 2,1 млн гектардың 1,5 млн гектарына немесе 70 пайызына шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, егіс алқаптарын қорғау жұмысы уақтылы әрі толық көлемде жоспарға сәйкес жүргізілді. Қазір АӨК-дегі Мемлекеттік инспекция комитетінің басшылығы Атырау және Маңғыстау облыстарында іс шаралар барысын бақылауды қолға алды.
Биыл 2,2 млн гектар алқапты өңдеу жоспарланған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға аз. Мұндай нәтижеге Үкіметтің қолдауымен жүргізілген кешенді жұмыстың және өсімдіктерді қорғау жүйесінің едәуір жетілдірілуінің арқасында қол жеткізілді.
Атап айтқанда, қызметтерді сатып алудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, соның нәтижесінде сатып алу үдерісі орталықтандырылып, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі артты.
Сондай-ақ желдеткіш бүріккіштердің өнімділік нормасы қайта қаралып, 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Соның арқасында жұмылдырылған техника саны 556-ға жетіп, 2025 жылмен салыстырғанда 25%-ға артты.
Бұдан бөлек, фитосанитариялық қызметтің техникалық паркі жаңартылып, 103 дрон сатып алынды. Оның 57-сі мониторинг зерттеу жұмысына, ал 46-сы химиялық өңдеу жұмысын жүргізуге арналған.
Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «FITOCENTRE» қосымшасы іске қосылды.
Өңірлердегі жедел штабтар штаттық режимде жұмысын тоқтатпайды.
Еске салсақ, бір апта бұрын 1,3 млн гектар алқапта шегірткеге қарсы өңдеу жұмысы жүргізілді.