Қазақстандық шоколадтардың шынайылығын коды арқылы тексеруге болады
2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда кондитерлік өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды. Жоба 2027 жылғы 1 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Таңбалауға жататын кондитерлік өнімдердің негізгі санаттары мыналар: қантты кондитерлік өнімдер, шоколад және шоколад өнімдері, печенье, вафли, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, мармелад, джемдер, жеміс және жаңғақ пасталары, сондай-ақ өнімнің басқа да түрлері бар.
Отандық өндірушілер қатарында «Баян Сұлу» ЖШС және «Лотте Рахат» ЖШС бар. Импорттаушылар қатарында «Марс Казахстан» ЖШС, «Ферреро Казахстан» ЖШС, «Мон’дэлис Казахстан» ЖШС және «Нестле Фуд Казахстан» ЖШС қатысуда.
Цифрлық таңбалау тұтынушыларды контрафактілік және заңсыз өнімдерден қорғауға бағытталған. Міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім пилоттық жобаның қорытындысы бойынша, оның нәтижелері мен нарық қатысушыларының ұсыныстары ескеріле отырып қабылданады.
Қатысушылар таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінің функционалын тегін сынақтан өткізуге, таңбалау құралын өндірістік және логистикалық процестермен интеграциялауды пысықтауға, сондай-ақ өнімге кодтарды түсірудің түрлі тәсілдерін сынап көруге мүмкіндік алады.
Еске салайық, бұған дейін елімізде 1 миллиардқа жуық дәрілік зат қаптамасы таңбаланғаны туралы жаздық.