Елімізде 1 миллиардқа жуық дәрілік зат қаптамасы таңбаланды

Елімізде 1 миллиардқа жуық дәрілік зат қаптамасы таңбаланды
Фото: ДСМ

2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау жүйесі енгізілді. Қазір бұл жүйе елдегі фармацевтикалық нарықтың 100 пайызын қамтып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Бірыңғай оператордың мәліметінше, осы уақытқа дейін елде 960 миллионнан астам дәрілік зат қаптамасы таңбаланған. Дәріханалардағы таңбаланған препараттардың үлесі бүгінде 70 пайызға жеткен. Қалған бөлігі – жүйе енгізілгенге дейін өндірілген өнімдер.

Министрлік мәліметінше, таңбалау жүйесі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Мәселен, жүйе іске қосылған алғашқы айда 10,2 миллион қаптама таңбаланса, 2024 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 49 миллионға жеткен.

Ал 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында 205,3 миллион қаптама таңбаланған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 14 пайызға жоғары.

Мемлекеттік дәрілік қамтамасыз ету аясында бірыңғай дистрибьютор 145 миллион қаптама таңбаланған препарат сатып алған. Оның 84 пайыздан астамы – отандық өнім.

Ведомствоның мәліметінше, таңбалау жүйесі әрбір дәрінің өндірістен бастап тұтынушыға дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жалған өнімдерді анықтап, сапаны бақылауды күшейтуге жол ашады.

Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы нәтижесінде Қазақстан дәрілік заттарды реттеу саласында жетілудің үшінші деңгейін (ML3) растаған ТМД-дағы алғашқы ел атанды.

Бұған дейін дәріханаларда тегін берілуі тиіс 4 мыңнан астам препараттың сатылғаны анықталғанын жаздық