БАҚ қызметкерлеріне Президент атынан 66 пәтер берілді - Айбек Смадияров
Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, биыл кәсіби мереке кең көлемде аталып өтті. Журналистика саласының ардагерлері мен үздік мамандары жоғары мемлекеттік наградалармен, сыйлықтармен және гранттармен марапатталды.
«Журналистика саласында еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерге кәсіби мереке аясында жылдағы дәстүрге сай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер берілді.

Президент БАҚ қызметкерлері күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында: «Сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады», – деген еді.
Осыған сай, биыл Мемлекет басшысы атынан «Dara» Президенттік бастамалар қоры арқылы БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер берілді. Оның ішінде Астана қаласында – 15, Алматы қаласында – 15, қалған 18 аймақта 2 пәтерден бөлініп отыр.
Баспана алғандар қатарында республикалық БАҚ өкілдері ғана емес, жергілікті газет, телеарна, ақпараттық порталдар тілшілері де бар. Тіпті орталықтан шалғай елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, бұл жолы Қостанай облысының Арқалық қаласында және Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын әріптестеріміз үйлі болды.

Игі жоба журналистика саласындағы білікті мамандардың өңірде тұрақтауына септігін тигізері анық. Бұл өз кезегінде аймақтық БАҚ-тың заманға сай дамуына ықпал етеді.
Мерекелеріңіз құтты болсын», делінеді хабарламада.

Еске салсақ, Астанада бір топ БАҚ қызметкері баспаналы болғанын жаздық.