Астанада Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі басталды. Екі күнге созылатын шара Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылып, Ертіс-Баян өңірінің мәдени мұрасы мен заманауи шығармашылық әлеуетін елорда жұртшылығына таныстырмақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Көрмеге Павлодар облысынан 30-ға жуық креатор қатысып жатыр. Олар ұлттық қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, ағаш, тері, сүйек пен металдан жасалған авторлық туындылар, ұлттық музыкалық аспаптар, қыш және керамика бұйымдары, этностильдегі киім үлгілері мен суретшілердің еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.

«Бүгін бұл жерге 30-ға жуық креатор жиналып отыр. Ерекшелігі – мұнда тарихи сабақтастық көрініс тапқан. Ұлттық қолөнер бұйымдарынан бастап заманауи өнімдерге дейін алып келдік. Бұл көрме елорда тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі де өз жұмыстарын таныстырып жатыр. Қазақстанда мұндай музей екеу ғана. Қазіргі таңда музейде жасанды интеллектінің көмегімен мультфильмдер әзірленіп, олар балабақшаларға таратылып жатыр. Сондай-ақ музей қорында еліміздің басқа өңірлерінде кездеспейтін патефон пластинкалары сақталған. Мұндай бірегей қор тек Павлодар облысында бар», – деді Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы Абзал Оралұлы көрмеге әкелінген жәдігерлердің заманауи технологиялардың көмегімен көпшілікке қолжетімді болғанын айтты.
«Біздің өңірден табылған құнды әрі сирек жәдігерлерді алып келдік. Олардың барлығы цифрландырылған. Әр жәдігердің QR-коды бар. Сол кодты сканерлеген адам оның қайдан табылғаны, қалай жасалғаны және тарихы туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар музейіміздің галлограммалық жобасын таныстырып жатырмыз. Онда Олжас Сүлейменовтің бейнесі мен дауысы ұсынылған. Мұндай жобалар арқылы мәдени мұрамызды кеңінен насихаттауға мүмкіндік алып отырмыз», – деді ол.

Көрмеде қолөнер шеберлерінің авторлық жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылды.

«Мен темір мен ағаштан түрлі бұйымдар жасаймын. Құрылысқа арналған материалдар мен арнайы темір бөлшектерін біріктіріп, бірнеше мүсін әзірледім. Ағаштан да әртүрлі сәндік және тұрмыстық бұйымдар жасап келемін. Әр туындының жұмысын алдымен компьютерде эскизін дайындаудан бастаймын. Содан кейін ғана оны жүзеге асыруға кірісемін. Жасаған бұйымдарымның басым бөлігі – өзімнің авторлық идеяларымның жемісі», – деді Павлодар облысының креаторы Базарбай Рахимжанов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі ұлттық мұра мен заманауи шығармашылықтың сабақтастығын көрсетіп, өңірлік брендтерді қолдау мен отандық креаторларды насихаттауға арналған маңызды мәдени алаңдардың бірі.