Астанадағы ескі вокзал асханасының төбесі опырылды
Әлеуметтік желіде Астананың ескі вокзалындағы асхананың төбесі жартылай опырылғаны туралы видео тарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазақстан темір жолы» мәліметінше, 28 маусым, таңғы сағат 05:35 шамасында вокзал аумағындағы «Ертас» ЖШС қоғамдық тамақтану пунктінің үй-жайында төбе жабыны құлаған.
«Вокзалдың медициналық пунктіне қоғамдық тамақтану пунктінен екі келуші жүгінді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Келушілер жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырудан бас тартты», делінеді хабарламада.
Аталмыш оқиға бойынша Астана вокзалы бастығының кезекші көмекшісі тиісті акт жасады. Ал төбесі жартылай құлаған асхананың үй-жайы «Ертас» ЖШС жеке меншігі болып табылады.
«Ғимараттың бұл бөлігі 2002 жылдан бастап жалпы ауданы 2371 ш.м. ғимараттың бір бөлігін сатып алу-сату шарты негізінде «Ертас» ЖШС тиесілі, мүлікті жеке меншікке беруге байланысты ол «ҚТЖ» ҰК» АҚ технологиялық процесінде пайдаланылмайды және Компанияның осы объектіге билік етуге құқығы жоқ», деп хабарлады ҚТЖ.
Еске салсақ, Қазалы теміржол вокзалы жаңартудан кейін қайта ашылды.