Астанада «ASTANA OPEN 2026» шинкиокушинкай каратэ турнирі өтіп жатыр

Бүгін, 14:24
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «ASTANA OPEN 2026» шинкиокушинкай каратэ турнирі өтіп жатыр
Фото: Думан Аманжол

Елордадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында Астана күніне арналған «ASTANA OPEN 2026» ашық шинкиокушинкай каратэ турнирі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі

Дәстүрлі жарысқа Латвия, Моңғолия, Қырғызстан және Қазақстаннан келген 300-ден астам спортшы қатысуда. Турнирде балалар, жасөспірімдер, жасөспірімдер (юниорлар), жастар және ардагерлер өзара мықтыны анықтайды.

Сондай-ақ сайысқа Ұлытау, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Абай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары қатысады.

Жарыстың басты мақсаты – шинкиокушинкай каратэ спортын дамыту, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, халықаралық достық қарым-қатынасты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.

Энергетика вице-министрі, Республикалық Шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті Санжар Жаркешов бұл Астана қалалық Шинкиокушинкай каратэ федерациясының жыл сайын дәстүрлі түрде өткізетін ең ірі халықаралық турнирі екенін атап өтті.

«Жарыс кумите және ката бағдарламалары бойынша өтеді. Биылғы додаға 300-ден астам спортшы қатысып жатыр. Олар Қазақстанның түрлі өңірлерінен және төрт мемлекеттен келді.

Турнир қарсаңында қара белбеуге үміткерлер үшін дан дәрежесіне аттестация ұйымдастырылады», - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Астанада 1,5 мыңнан астам шинкиокушинкай каратэмен айналысатын спортшы бар.

«Олардың қатары жыл сайын артып келеді. Қазақстандағы осы спорттың негізін қалаушылардың бірі, 6-дан иегері Қайыртай Сармановтың және тәжірибелі бапкерлердің еңбегінің арқасында елордада әлем чемпиондары мен халықаралық деңгейдегі мықты спортшылар тәрбиеленіп шықты.

Алдағы 17–19 шілде күндері Жапонияның Токио қаласында шинкиокушинкай каратэден ең беделді халықаралық турнирлердің бірі – Dream Cup өтеді. Бұл додада Астана федерациясының спортшылары ел намысын қорғайды. Өткен жылы осы турнирде астаналық жауынгер алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның көк Туын желбіреткен еді. Қазір біздің спортшылар осы жарысқа тыңғылықты дайындалып жатыр», - деді Санжар Жаркешов. 

Айта кетейік, турнир Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының, Астана қалалық Шинкиокушинкай каратэ федерациясының және «Каратэ орталығының» қолдауымен ұйымдастырылды.