Спорт мектебінің басшысы Жұбаныш Жидебаев: Ішімдік пен зиянды әдеттер спорттағы нәтижені төмендетеді
Астана қаласы әкімдігінің №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жеңіл атлетика спорты қарқынды дамып келеді. Жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдын алу мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың рөлі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға спорт мектебінің басшысы Жұбаныш Жидебаев және жаттықтырушысы Айдын Сапарханов Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
Бүгінде спорт мектебінде жеңіл атлетика бағыты бойынша жас спортшыларды даярлауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мектептің қазіргі жұмысы мен тәрбиеленушілердің жетістігі туралы спорт мектебінің басшысы Жұбаныш Жидебаев айтып берді.
«Астана қаласы әкімдігінің «№7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-де тек жеңіл атлетика спорт түрі дамытылып келеді. Мектепте жалпы 300 спортшы жаттығады. Жас ерекшелігі әртүрлі топты қамтиды, балалар кәсіби бағытта дайындалып, республикалық жарыстарға тұрақты қатысады. Спортшыларымыздың арасында Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Азия чемпионаттарының жеңімпаздары бар», - деп атап өтті Жұбаныш Жидебаев.
Спорт мектебінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыс оқу-жаттығу процесінің ажырамас бөлігіне айналған.
«Спорт мектебінде жеңіл атлетикамен айналысатын балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру күнделікті оқу-жаттығу процесінің маңызды бөлігі болып отыр. Жаттығулар барысында төзімділік, дұрыс тамақтану, тәртіп сақтау және өзін-өзі бақылау дағдылары дамытылады. Сонымен қатар спортшылармен дәрігер мен психолог тұрақты түрде әңгімелесіп, денсаулықты сақтау, психологиялық тұрақтылық және зиянды әдеттердің алдын алу бағытында түсіндіру жұмысын жүргізеді», - дейді жаттықтырушы Айдын Сапарханов.
Бапкердің айтуынша, спортпен тұрақты айналысу жасөспірімнің назарын теріс әдеттен алшақтатуға көмектеседі.
«Спортпен тұрақты айналысу жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жүйелі жаттығу процесі балаларды тәртіпке үйретіп, олардың назарын зиянды әдеттерден, соның ішінде алкогольден алыстатады. Спорт арқылы мақсат қою және жарыстарға дайындалу салауатты өмір салтын қалыптастырады», - деді Айдын Сапарханов.
Ішімдікке және басқа да зиянды әдеттерге қызығушылықтың алдын алу – тек бір реттік түсіндіру жұмысымен шектелмейтін кешенді процесс. Мұнда отбасы тәрбиесі, спорт тәртібі және тұрақты бақылау қатар жүруі қажет.
«Балаларға ішімдіктің ағзаға, өсу процесіне және спорт нәтижесіне кері әсері жүйелі түрде түсіндіріледі. Жаттықтырушы ретінде мен оқу-жаттығу процесінде күнделікті тәртіпті қатаң сақтауға, уақытты тиімді пайдалануға және спорт режимін бұзбауға ерекше көңіл бөлемін. Сондай-ақ, спортшылармен жеке және топ барысында әңгіме өткізіліп, зиянды әдеттердің салдары нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі. Жаттығу жүктемесін дұрыс орындау, қалпына келу режимі, жарысқа дайындық барысы арқылы балалардың өз нәтижесіне жауапкершілікпен қарауы қалыптастырылады. Осы жүйелі жұмыс нәтижесінде жасөспірімдер алкоголь сияқты зиянды әдеттерден саналы түрде бас тартып, өз мақсатына спорт арқылы жетуге ұмтылады», - деп атап өтті жаттықтырушы Айдын Сапарханов.
Жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мен жарқын болашағын қалыптастыруда саналы таңдау жасау маңызды. Осы орайда мектеп басшысы Жұбаныш Жидебаев балалар мен жастарды денсаулығына жауапкершілікпен қарап, белсенді өмір салтын ұстануға шақырады.
«Ең басты кеңес - өз денсаулығын қорғау, тұрақты жаттығу жасау және спорттағы мақсатқа ұмтылу. Ішімдікпен зиянды әдеттер спорттағы нәтижені төмендетіп, болашақ жетістіктерге кедергі келтіреді», - дейді мектеп басшысы
Авторы: Мадина Ізекенова