Астанада автокөліктен ақша ұрлау дерегі ашылды
Елорда полицейлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде автокөліктен ақша ұрлады деген күдікпен жас жігіт анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, күдікті қызыл түсті «Volkswagen Vento» маркалы автокөліктің салонына заңсыз кіріп, іште болған ақшалай қаражатты жасырын түрде иемденген. Оқиға салдарынан көлік иесіне 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Полиция қызметкерлері жүргізген кешенді іс-шаралар барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас құқық бұзушылықтарға қатысы бар екені анықталды.
Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарды жеке мүліктеріне мұқият болуға шақырады. Көлік ішінде ақша, ұялы телефон, құжаттар мен басқа да бағалы заттарды қалдырмау, сондай-ақ көлік есіктерінің толық жабылғанына көз жеткізу қажет. Заңға сәйкес, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жұмысқа орналастыруға уәде еткен алаяқ ұсталғаны туралы жаздық.