Қарағандыдағы ЖЭО-3 жөнделген соң электр қуатын өндіру 140 МВт-қа артады
Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына электр және жылу энергетикасы нысандарының дайындығын тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапары Шахтинск ЖЭО-сынан басталды. Биыл станцияда екі қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Комитет төрағасы жөндеу науқанының барысымен және күзгі-қысқы кезеңдегі станцияның сенімділігін арттыру жөніндегі шаралармен танысып, жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Келесі нысан Саран қаласының қазандық кешені болды. Сапар барысында жылу көзінің қысқы маусымға дайындығы, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі, жөндеу бағдарламасының орындалуы және жабдықтардың ең жоғары қысқы жүктемелерге дайындығы қаралды.

Қарағандыда Ержан Ертаев ЖЭО-3-тегі жөндеу науқанының барысымен және станцияны кеңейту жобасының, яғни жаңа қазандық агрегаты мен турбоагрегат құрылысымен танысты. Жоба аяқталғаннан кейін ЖЭО-3-тің электр қуаты 140 МВт-қа, ал жылу қуаты 180 Гкал/сағатқа артады. Сонымен қатар станцияда бір қазандық агрегаты мен бір турбоагрегат күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
Сондай-ақ комитет төрағасы биыл пайдалануға берілген «Қарағанды Жарық» ЖШС-ның 110/10 кВ «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясына барды. Бұл нысан Қарағанды қаласының ірі ауданының бірін электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, жаңа тұтынушыларды қосуға қажетті қуат резервін қамтамасыз етеді.

Жұмыс сапарының негізгі нысанының бірі Теміртау қаласында МЭКС ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан ТМ-3 жылу магистралін реконструкциялау жобасы болды. Нысанның жалпы ұзындығы 4,1 шақырым. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмысының 60%-ы аяқталған. Комитет төрағасы жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтіп, мердігер ұйым мен жауапты тұлғаларға бекітілген кестені қатаң сақтауды және жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтау үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында ерекше назар ерекше бақылауда тұрған ГРЭС-1 станциясына аударылды. Нысанда жөндеу бағдарламасының іске асырылу барысы, оның ішінде қазандық агрегатына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу қаралды.