Ел имиджін дамытуда әлеуметтік желінің маңызы ерекше – Әйгерім Кәрібаева


Елордада өтіп жатқан II Орталық Азия медиа форумында креатор, суретші, инфлюенсер Әйгерім Кәрібаева елдің имиджін ілгерілетуде әлеуметтік желінің рөлі туралы айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Шығармашылық адам ретінде ел имиджін дамытуда әлеуметтік желінің маңызы ерекше екенін атап өткім келеді. Біз күйеуіміз екеуміз бірлесіп Steppe-freedom атты жобамызды жасадық. Қазіргі таңда өзіміздің және бірлескен жобамыздың әлеуметтік желіде парақшалары бар. Ол жерде арт өнімдердің катологы ұсынылған. Одан бөлек жеке сайтымыз да бар. Әлемдегі кез келген адам біздің өнімдерді көре алады. Олар біздің бастапқыда қалай құрылғанымызды, алғашқы шеберханамыз мен онда жасалған алғашқы өнімдер туралы біле алады. Шетел азаматы тапсырыс бергенде міндетті түрде біз туралы қалай білгені туралы сұраймыз. Сол кезде әлеуметтік желі арқылы екені белгілі болады»,- деді Әйгерім Кәрібаева.
Белгілі суретшінің сөзінше, бүгінде әлеуметтік желіні дамытқан кезде сатып алушылар саны көбейеді.
«Біздің өнімдерді әлем бойынша тарату мүмкіндігі бар. Ол әлеуметтік желінің арқасында деп айтар едім. Жобамыздың іске қосылғанына 4 жылдан асты. Біз Қазақстан және әлем елдері бойынша онлайн тапсырыс қабылдаймыз. Бүгінде әлемнің 50-ден астам еліне 15 мыңнан аса тапсырыс орындадық. Дегенмен әлеуметтік желіні дамытуда арнайы жоспар болған жоқ. Тек жасаған өнімдерді әлеуметтік желіге салып отырдық. Осылайша өз өнерімізді көрсету арқылы желі қолданушыларынан қолдау таптық. Даму жолында біз іске асырған жобалар да септігін тигізді»,- деді суретші.