Астанада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтті

4 наурыз, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтті
Фото: "Қазақ тілі" қоғамы

Астана қаласы ҚР Президенттік орталығында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Құрылтайға ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Qazaqstan республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, IT сарапшы Тимур Бектұр, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы және вице-президенттер Анар Фазылжан, Шерубай Құрманбайұлы мен Басқарма, Орталық кеңес мүшелері, қор демеушілері мен аймақ делегаттары қатысты.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтай жиналысына құттықтау хатын оқыды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы еліміз тәуелсіздігін алардан екі жыл бұрын, қазақ тілі мәселесі өте өзекті болып тұрған шақта, сонау 1989 жылы құрылды. Содан бері 36 жыл бойы ұлт мүддесі үшін үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ұйымның бастауында тұрған Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы сияқты тұлғалардың жолын кейінгі буын лайықты жалғастырды. Ұйым тізгінін Берік Әбдіғалиұлы бірнеше жыл ұстады. Қазір Рауан Кенжеханұлы ілкімді істерге ұйытқы болуда. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – салмақты, абырой-беделі жоғары ұйым. Сіздер түрлі дау-дамайдан биік болып, әрдайым ауызбіршілік танытып, табысты жұмыс істеп жүрсіздер. Қазақ тілі деген қасиетті ұғымның атауын иеленіп отырған ұйымға мүше болу, оның жұмысына атсалысу – зор мәртебе. Қашанда осы абырой биігінде болыңыздар!», - деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы 2023-2024 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары аясында атқарылған жұмысқа есептік баяндама жасады.

«Біздің жаңа кезеңдегі жұмысымызды жандандырып, жаңа күш алуға септік еткен негізгі оқиға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына ерекше ықылас танытып, бастамаларымызды барынша қолдап, мемлекеттік тілдің бірінші жанашыры ретінде танылуы дер едім. Бұл біздің жаңа кезеңдегі белсенді қызметімізге даңғыл жол ашты. Соның арқасында мемлекет, бизнес, қоғам тарапынан кең қолдау таптық. Нәтижесінде, 2024 жылға жасақталған іс-қимыл жоспары толықтай дерлік орындалды. Жалпы саны 40-қа тарта аймақтық, республикалық және халықаралық шара мен бірқатар ауыз толтырып айтарлық ауқымды жобалар іске асты. Біз үшін қазақ тілі – ел бірлігінің, болмысының және болашағының негізі. Қалайтынымыз – тіліміз барлық аймақта, әр салада, кез келген ортада кеңінен қолданылып, құрметке бөленуі тиіс. Біздің «Қазақ тілі» қоғамы ретіндегі миссиямыз – оны ұлттық деңгейде дамытып, халықаралық деңгейде мойындату, заманға сай, жастарға тартымды етіп ұсыну, ғылым мен технология тіліне айналдыру, сондай-ақ мемлекеттік мәртебесін толыққанды іске асыруға ықпал ету», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Өткен бір жылда «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен 30-дан аса аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі шаралар өтті. Қазақ тілін насихаттау және кеңінен тарату мақсатында негізгі үш бағытта ауқымды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылды.

Алғашқы бағыт – қазақ тіліндегі мазмұн қорын арттыру. Тұңғыш рет Qazaq Oxford сөздігі басып шығарылып, еліміздің барлық университеттері мен кітапханаларына тегін таратылды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Абай Құнанбайұлының академиялық жинағы, басқа да ана тіліміз бен мәдениетімізді дәріптеп, насихаттауға көмектесетін кітаптар аударылып, басылды.

«Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен Disney, Pixar және Sony студияларының «Ойжұмбақ 2»,  «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Веном: Соңғы би» секілді танымал туындыларын алғаш рет өз есебінен қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттап, үлкен экранда көрсете бастады. Аталған фильмдердің қазақша нұсқалары кассалық табыс үлесі бойынша бұрын-соңды болмаған жаңа рекордтар орнатты.

Сонымен қатар BI Group холдингімен бірлесе отырып, қазақ тілін үйренушілерге арналған онлайн курстар кешені жасалды.

Келесі бағыт – білім беру жүйесіне әдістемелік қолдау көрсету. Қазақстанның барлық аймағында 5 мыңнан аса қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басын қосқан 10-нан аса аймақтық форум өтіп, педагогтардың қауымдастығы құрылды. Мектеп оқушыларының тілдік дағдылары шыңдалатын «Жарқын болашақ» шығармашылық олимпиадасы ұйымдастырылып, жеңімпаздарына еліміздегі үздік университеттердің гранттары тапсырылды.

Үшінші бағыт – IT саласындағы жетістіктерді тілді дамыту мақсатына тиімді қолдану. ҚР Цифрлы даму министрлігімен бірге қазақ тілді стартаптарды қолдау гранттарын тағайындау, тілдік модельді дамыту арқылы жасанды зердені қазақша сөйлету жобаларын іске асырудың жоспары жасалды. Қазақ тілін үйренушілерге арналған QazaqLingo мобильді қосымшасын әзірлеу жұмысы басталды.

Қоғамның ұзақмерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Qazaq Tili Endowment қоры құрылып, оған алғашқы болып Мемлекет басшысы қолдау көрсетті. Соның арқасында бұл бастаманы ірі кәсіпкерлер мен компаниялар қолдап, қазіргі таңда қорға 500 миллион теңгеге тарта қаржы жиналды. Эндаумент қорына келген қаражат жұмсалмайды. 2024 жылы қордың үстеме табысы 75 473 020 теңгені құрады. Нәтижесінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тұңғыш рет қаржылық дербестік пен тұрақтылыққа қол жеткізді.

 

Құрылтайда ұйым жұмысының тиімділігін арттырып, басқару тетіктерін оңтайландыру мақсатында Қоғамның құрылымдық жүйесі мен жарғысына өзгеріс енгізілді. Қамқоршылар кеңесі, Басқарма және Орталық кеңес мүшелері құрамы жаңартылып, толықтырылды.

Алдағы уақытта білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілді мазмұнды арттыру және оны цифрлы форматқа көшіру мәселелеріне ерекше ден қойылады. Аталған міндеттерді іске асыру үшін 2025 жылға арналған іс-қимыл жоспары бекітіліп, жаңа міндеттер талқыланды.