Референдум-2026

Парламенттік реформа: сенімділіктен бейімделгіштікке көшу

Бүгін, 12:10
Думан Аманжол Думан Аманжол
Парламенттік реформа: сенімділіктен бейімделгіштікке көшу
Фото: ҚСЗИ баспасөз қызметі

Қазақстанның қос палаталы Парламенті өз жұмысын тоқтатты, ол өткен тарихқа айналды. Отыз жылдық тарихы бар Парламент осы уақыт ішінде 3500-ден астам заң мен 38 кодекс қабылдады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Забирова мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚСЗИ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның сөзінше, отыз жыл бұрын Қазақстанның құқықтық жүйесін іс жүзінде нөлден бастап қалыптастыру қажет болды.

«Меншік қатынастары қалай рәсімделеді, салық жүйесі қалай жұмыс істейді, жер қатынастары қалай реттеледі және азаматтар мен бизнес арасындағы келісім шарттар қалай қорғалады – осының бәрін айқындау керек еді.

Ал бүгінде біз, қазақстандықтар, тұрғын үйіміздің ресми тіркелгені, келісім шарттардың заңды күші бар екені немесе даулы мәселелердің белгіленген тәртіппен шешілетіні туралы күн сайын ойланбаймыз. Біз мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Дәл осы қалыптылық, яғни ережелердің алаңдаушылық тудыратын мәселе болудан қалуы Парламент жұмысының ең басты әрі маңызды нәтижесі.

Қос палаталы жүйенің күші неде болды? Оныңбасты артықшылығы – әрбір заңның екі түрлі құрамнан, екі түрлі көзқарастан және екі рәсімнен өтуінде еді. Бұл өз кезегінде қабылданатын шешімдердің сенімділігін арттырды. Алайда мұндай қосарланған сүзгілеу уақытты да талап етті.

Ел мемлекеттілігінің негізі қаланған кезеңде басты басымдық жылдамдық емес, тұрақтылық пен сенімділік болды. Сондықтан бұл модель уақыт талабына сай тиімді шешім ретінде қызмет етті. Алайда уақыт өте келе цифрландыруға, жаңа технологияларға және үнемі өзгеріп отыратын сыртқы ортаға бейімделу жылдамдығы алдыңғы қатарға шықты.

Осындай жағдайда бұрын тиімді болған тетік енді басқаша қабылдана бастайды. Сондықтан да бір палаталы модельге көшу сәтсіз құрылымнан бас тарту емес, бұл ең алдымен, басымдықтардың өзгеруін, яғни сенімділіктен бейімделгіштікке көшуді білдіреді.

Қазақстанның бұл таңдауы бірегей емес екенін айта кеткен жөн. Осындай реформаларды Швеция, Дания және Жаңа Зеландия сияқты елдер де бастан өткерген. Барлық жағдайда негізгі мақсат – заң шығарушы билік құрылымын ел дамуының жаңа міндеттері мен талаптарына бейімдеу болды.

Айтпақшы, салыстырмалы саясаттану ғылымында,Лейпхарт пен Цебелис еңбектерінде Парламенттің тиімділігі палаталар санына емес, институттардың сапасына, рәсімдердің тиімділігіне және заң шығару жұмысының мазмұнына тәуелді екені әлдеқашан атап көрсетілген.

Мұндағы ең маңыздысы не? Осыдан отыз жыл бұрын Сенатты құруға негіз болған міндеттер өзектілігін әлі де жоғалтқан жоқ. Бүгінде бұл міндеттер өзге тетіктер арқылы жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда заңдардың сапасы көбіне заң жобасы Парламент қарауына түспей тұрып-ақ қалыптасады. Бұл сараптамалық пысықтау мен бейінді комитеттердің жүйелі жұмысы арқылы қамтамасыз етіледі. Өңірлердің мүддесін білдіру де бүгінде тек Парламент аясымен шектелмейді. Бұл міндет мәслихаттар, қоғамдық кеңестер және азаматтармен тұрақты кері байланыс арқылы да іске асуда.

Сол сияқты бақылау функциясы да бүгінде бір ғана институттың құзыреті емес. Ол мемлекет пен қоғамның түрлі тетіктері арасында бөлініп, кешенді түрде жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, өзгеріп отырғаны функциялардың өзі емес, оларды жүзеге асыру тетіктері мен жауапты субъектілері. Екінші палатаның орнын бір ғана орган емес, сапаны қамтамасыз ететін көпдеңгейлі әрі бөлінген институционалдық инфрақұрылым басуда.

Жаңа институттар алғашқы күннен-ақ толыққанды әрі тиімді жұмыс істей бастамайды.Олардың қалыптасуы үшін біршама уақыт қажет.Сондықтан бүгінгі негізгі мәселе жаңа модельдің қағаз жүзінде қандай болатынында емес. Негізгі мәселе – оның күнделікті практикада өзін қалай көрсететіні. Кез келген институционалдық реформаның басты сынағы әрдайым тәжірибе арқылы айқындалады. Өз кезегінде әлемдік тәжірибе қызықты бір заңдылықты көрсетеді. Ірі парламенттік реформалар көбіне дағдарыс кезеңінде емес, керісінше, тұрақты әрі қалыпты кезеңдерде жүзеге асырылады. Яғни мемлекетте өз институттарын жүйелі әрі байыпты жетілдіруге жеткілікті ресурстар мен мүмкіндік болған кезде жүргізіледі. Бұл жүйенің әлсіздігін емес, керісінше, оның кемелденгенін көрсетеді. Саясатта мемлекеттің кемелдігі оның институттарды мүлде өзгертпеуінен көрінбейді. Керісінше, кемелдік – институттарды сабырлы, дәйекті және күйзеліссіз өзгерте алу қабілетінде», деді Айгүл Забирова.