СҚО-да заңсыз микроқаржылық қызметтен 774 млн теңге табыс тапқан кәсіпкер сотталды

СҚО-да заңсыз микроқаржылық қызметтен 774 млн теңге табыс тапқан кәсіпкер сотталды
Фото: magnific.com

Солтүстік Қазақстан облысында лицензиясыз заңсыз кәсіпкерлік және микроқаржылық қызметпен айналысқан Е.В.Ростовщиков 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің СҚО бойынша департаменті тергеу барысында заңсыз қарыз берудің 78 эпизодын анықтады. Әдетте қарыз алушылар ақшаға аса мұқтаж, банктен несие ала алмаған азаматтар болған. Қарыз беру үшін екі түрлі схема қолданылған. 

«Бірінші жағдайда нотариус арқылы қарыз шарты рәсімделген, алайда мәміленің нақты талаптары онда көрсетілмеген. Құжаттағы сомаға қарыз алушыға берілген қаражат та, қарызды пайдаланған бүкіл кезең үшін есептелген пайыз да енгізілген. Ақшаның қайтарылуын қамтамасыз ету үшін мүлік кепілге қойылған. 

Екінші жағдайда қарыз беру дерегі сатып алу-сату шарты ретінде бүркемеленген. Мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген, ал мүліктің өзі қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған. Қаражат қайтарылғаннан кейін шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған», делінген хабарламада.

Агенттіктің түсіндіруінше, азаматтық-құқықтық мәмілелер түрінде шын мәнінде пайызбен және мүлікті кепілге алып жүйелі түрде қарыз беру жүзеге асырылған. Заңсыз қызметтің нәтижесінде 774 млн теңге табыс алынған. Бұл қаражатқа қымбат активтер сатып алынған.

Сот үкімімен мемлекет кірісіне 6 пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі, сондай-ақ құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.