Леңгірдегі түнгі шабуыл: әйелдің үйіне кірген күдіктілер ұсталды
Леңгірде түнгі уақытта жергілікті тұрғынның үйіне кіріп, оған дене жарақатын келтіріп, ұялы телефонын алып кеткен екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаға қатысты ақпарат пен оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тараған.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктілердің жеке басы мен орналасқан жерін анықтады. Нәтижесінде Төлеби ауданының екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – облыстық Полиция департаментінен.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Талғар ауданында ер адамды пышақтап кеткен күдікті ұсталғанын жаздық.