Мектептің басты нәтижесі – білімді бала ғана емес, болашағына сенетін азамат болмақ - Ұлбала Тойлыбаева

Мектептің басты нәтижесі – білімді бала ғана емес, болашағына сенетін азамат болмақ -  Ұлбала Тойлыбаева
Фото: Сұлтан Сейіт

Білімдегі оптимизм – баланың «мен үйрене аламын», «мен өзгерте аламын», «менің еңбегім нәтиже береді» деген ішкі сенімі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Республикалық тамыз конференциясындағы пікірін қолдаған  №114 мектептің директоры Ұлбала Тойлыбаева осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұлбала Тойлыбаеваның айтуынша, мектептің басты нәтижесі – білімді бала ғана емес, болашағына сенетін азамат болмақ.

«Президент сөзіндегі мен үшін ең маңызды ой – білім беру жүйесінің миссиясын қайта пайымдау қажеттілігі.

Біз ұзақ уақыт мектептің нәтижесін білім сапасы, ҰБТ көрсеткіші, олимпиада мен гранттар арқылы өлшеп келдік. Бұлар маңызды. Бірақ бүгін мектеп алдына бұдан да ауқымды міндет қойылып отыр:

Біз қандай азамат тәрбиелеп жатырмыз?

Өз тарихын шынайы білетін. Заңды құрметтейтін. Еңбек етуден қорықпайтын. Жауапкершілікті өзгеге жүктемейтін. Қиындыққа кездескенде мойымайтын. Елінің болашағына сенетін азамат.

Президенттің «Бізге мұңайған емес, мақсаты бар оптимист ұрпақ қажет» деген ойы білім саласы үшін ерекше маңызды деп есептеймін. Бұл жерде оптимизмді жай ғана жақсы көңіл күй деп түсінбеуіміз керек.

Білімдегі оптимизм – баланың «мен үйрене аламын», «мен өзгерте аламын», «менің еңбегім нәтиже береді» деген ішкі сенімі. Осындай сенімді қалыптастыра алмаған мектеп қаншалықты заманауи жабдықталғанымен, өзінің басты миссиясын толық орындай алмайды», - деді Ұлбала Тойлыбаева.

Мектеп директорының пікірінше,  Президент көтерген оқулық сапасы мәселесі де осы тұрғыдан өте өзекті.

«Балаға патриотизмді жалған дерек арқылы үйретудің қажеті жоқ. Шынайы тарихымыздың өзі ұрпақтың мақтанышына жеткілікті. Сыни ойлайтын ұрпаққа аңыз емес – дәлел, ұран емес – мағына қажет», - деді ол.

Ұлбала Тойлыбаеваның пікірінше, екінші маңызды бағыт – «Заң және тәртіп» мәдениеті.

«Заңды құрметтеу полициядан немесе соттан басталмайды. Ол мектептен басталады. Кезек сақтаудан. Өзгенің құқығын құрметтеуден. Мектеп мүлкіне жауапкершілікпен қараудан. Адал бағадан. Академиялық адалдықтан. Тазалықтан. Берген уәдеге жауап беруден.

Сондықтан құқықтық мәдениет жеке пәннің ғана міндеті болып қалмауы тиіс. Ол мектептің күнделікті өмір салтына айналуы қажет», деді ол.

Ұлбала Тойлыбаеваның ойынша, үшінші мәселе – еңбек құндылығы.

Президенттің «Нағыз патриоттық – адал еңбек» деген ұстанымы тәрбиенің мазмұнын өзгертетін өте маңызды тезис. «Біз балаға «еліңді сүй» деп айтумен шектелмеуіміз керек.

Оған:

жақсы оқу – патриотизм;

адал еңбек ету – патриотизм;

өз ісіңді сапалы орындау – патриотизм;

қоғамға пайда келтіру – патриотизм екенін көрсетуіміз қажет.

Меніңше, бүгінгі мектептің жаңа формуласы осындай болуы тиіс:

Сапалы білім + адал еңбек + заң мен тәртіп + жасампаздық + болашаққа сенім = жауапты азамат.

Сонда ғана жаңа мектептер, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, заманауи кабинеттер шынайы мазмұнға ие болады. Ал осы өзгерістің ортасында – ҰСТАЗ тұр. Ұстаз тек білім бермейді. Ол баланың өзіне деген сенімін қалыптастырады. Оның дүниеге көзқарасына әсер етеді. Кейде бір ауыз сөзімен баланың болашақ траекториясын өзгертеді. Сондықтан Президенттің «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деген сөзі – әдемі теңеу ғана емес, педагогке жүктелген үлкен қоғамдық жауапкершілік.

Бүгін бізге өткеніне өкпелі емес – тарихынан тағылым алатын; қиындықтан қашатын емес – шешім іздейтін; дайын дүниені күтетін емес – өзі жасайтын; заңды айналып өтетін емес – оны құрметтейтін; елден не аламын дейтін емес – еліме не беремін деп ойлайтын ұрпақ қажет. Мектеп осындай ұрпақ қалыптастыра алса – білім реформасының ең үлкен нәтижесі сол болмақ», - деп түйіндеді Ұлбала Тойлыбаева.

Еске салсақ, Тоқаев тамыз конференциясында тарихи деректері бар оқу материалдарын қайта қарау жөнінде тапсырма берді.