Астана мектептерінде мұғалімдердің артық жүктемесін азайту жұмыстары жалғасады – Қасымхан Сенғазыев
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық Тамыз конференциясында білім саласына қатысты айтқан тапсырмаларына пікір білдірді. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, Президент ұстаздардың еңбегіне тоқталып, педагогтерді артық қағазбастылықтан, бітпейтін есептен және қажетсіз тексерістерден арылту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ мұғалімдерді аттестаттаудан өткізу талаптарын оңтайландыруды тапсырды.
«Бұл – педагогке сенім білдіріп, оның уақытын ең басты жұмысына – балаға сапалы білім мен тәрбие беруге бағыттауға мүмкіндік беретін маңызды қадам», – деп жазды Қасымхан Сенғазыев.
Оның сөзінше, бұл бағыт елорда үшін де аса маңызды. Астана мектептерінде мұғалімдердің кәсіби жұмысына қолайлы жағдай жасау, артық жүктемені азайту және педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жалғаса береді.
Сонымен қатар басқарма басшысы Тамыз конференциясында жасанды интеллект пен заманауи технологияларды білім беру жүйесіне тиімді енгізу мәселесіне де назар аударылғанын атап өтті.
«Технологияны тек жаңа мүмкіндік ретінде емес, мұғалімнің жұмысын жеңілдететін, оқушының білім алуына көмектесетін тиімді құрал ретінде дұрыс пайдалануымыз керек», – деді ол.
Қасымхан Сенғазыевтің пікірінше, Астанада бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта заманауи технологияларды білім сапасын арттыруға бағыттап, оларды қауіпсіз әрі жауапты қолдануға басымдық беріледі.
Ол басты мақсат – технологияны меңгерген, білімді, жауапты әрі адамдық құндылықтарды берік ұстанатын ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті.
«Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі. Сондықтан ұстазға жасалған жағдай – білімге салынған инвестиция», – деп жазды басқарма басшысы.
Жаңа оқу жылында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, елордадағы әр баланың сапалы білім алуына барлық жағдайды жасауға күш салынбақ.
Естеріңізге сала кетейік, Тамыз конференциясында Президент ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, жаңа оқу жылымен құттықтаған болатын.