Президент ұстаз еңбегін жоғары бағалап, жаңа оқу жылымен құттықтады
Президент нағыз отаншылдық дегеніміз, бұл – жемісті, табанды еңбек екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Әр саладағы еңбек – маңызды, оның жаманы немесе ұлтқа зиян әкелетіні болмайды.
Еңбек, бұл – ең жоғары деңгейдегі қасиетті дүние. Ал, мемлекеттің міндеті – осындай еңбекқор адамдарға лайықты құрмет көрсету, оларды марапаттау. Алысқа көз тігетін жасампаз ұлттың шынайы болмысы осындай болады», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріне ортақ міндет екенін айтты.
«Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек.
Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз.
Білікті мұғалімдеріміз, дарынды жастарымыз, мызғымас бірлігіміз барда еліміз кез келген белесті бағындырады. Бұған еш күмәнім жоқ. Ұстаз – ұлттың шамшырағы! Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық.
Жаңа оқу жылы жемісті болсын», - деп құттықтады Президент.
Айта кетейік, Тамыз конференциясында сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Айбат Бутабаев, Солтүстік Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған «ЛОРД» мектеп-лицей-интернатының география пәні мұғалімі Роман Гиричев, Ақтау қаласындағы №35 мектептің кітапхана меңгерушісі Айткүл Оразбаева, Арқалық қаласындағы А.Құнанбаев атындағы мектеп-гимназияның физика пәнінің мұғалімі Ерболат Жабағы, Астана қаласындағы №112 мектеп директоры Қайырлы Жұмаханов, Жамбыл облыстық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали сөз сөйледі.
Еске салсақ, Президент бұған дейін ұстаздарымыз болашаққа сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс екенін айтты.