«Болашақ» стипендиясы мен ғылыми тағылымдама иегерлері анықталды
«Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының иегерлері жарияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Республикалық комиссияның шешімімен 184 Қазақстан азаматы «Болашақ» стипендиясының иегері атанды: 137 азамат магистратурада, 10 азамат докторантурада білім алады, ал 37 маман кәсіби тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, 51 қазақстандық ғалымға әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді.
Біз үшін «Болашақ» - шетелде білім алуға мүмкіндік беретін бағдарлама ғана емес. Бұл - адам капиталына және Қазақстан экономикасының болашағына салынған инвестиция.
Біздің міндетіміз - елге озық білім мен құзыреттер аса қажет бағыттар бойынша мамандар даярлау. Атап айтқанда, атом өнеркәсібі, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика, биотехнология және басқа да жоғары технологиялық салалар, - делінген хабарламада.
Министрлік мамандардың елге жай ғана дипломмен емес, жаңа біліммен, технологиялармен және халықаралық тәжірибемен оралғаны маңызды екеніне назар аударды. Олар бұл білімді Қазақстанның дамуына бағыттап, жаңа өндірістер құрып, озық технологияларды енгізіп, болашақтың жаңа салаларын қалыптастыруы керек.
Еске салайық, бұған дейін магистратурадан мемлекеттік білім гранты иегерлері белгілі болғаны туралы жаздық.