Қазақтың хоррор-анимациясы АҚШ-та арнайы жүлдеге ие болды
Қазақ анимациясы халықаралық аренада тағы бір жетістікке жетті. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі шығарған «KÖLEÑKE» (18+) анимациялық жобасы АҚШ-та өткен PFCAT (Portland Festival of Cinema, Animation & Technology) халықаралық фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, хоррор-анимация жанрындағы туынды «Өзгеше көзқарас пен шығармашылық шеберлік үшін» марапатына ие болған. Фестиваль сарапшылары анимациядағы авторлық қолтаңба мен ерекше көркемдік шешімдерді жоғары бағалаған.
«KÖLEÑKE» жобасын отандық мамандардан құралған шығармашылық топ әзірледі. Сценарий авторы – Ернар Тілеубаев, қоюшы режиссері – Мақсат Аяпов, қоюшы суретшісі – Даир Жиенқұлов, атқарушы продюсері – Нұржігіт Сұлтанберді.
Айта кетейік, фестивальдің негізгі бағдарламасына «Қазақанимацияның» фолк-хоррор жанрындағы «Su perisi» және «Shańyraq» драмасы да енді. Екі туынды Портленде алғаш рет шетелдік көрермен назарына ұсынылды.
Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын биыл мемлекеттің қолдауымен түсірілген 6 фильм көрерменге жол тартқанын жазғанбыз.