Ернат Бердіғұлов: Заманауи АЭС-терде ауыр апаттың болу ықтималдығы өте төмен
Жұртшылықтың кейбір өкілдерін радиофобия мәселесі алаңдатады. Олар радициядан, елдегі салынатын АЭС-тен де қауіптенеді. Біз көптің көкейіндегі қауіпті сейілту үшін осы мәселе бойынша нақты сарапшының пікіріне құлақ түрдік. Елімізде салынатын атом электр станциясының қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Заманауи АЭС-тердің жұмыс істеу ерекшеліктері мен халықаралық қауіпсіздік талаптары қандай? Elordainfo.kz тілшісінің осы сұрақтарына «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-ның бас директоры Ернат Бердіғұлов жауап берді.
- Ернат Құдайбергенұлы жаңа атом электр станцияларында қандай заманауи қауіпсіздік технологиялары қолданылады және олар бұрынғы АЭС-тен несімен ерекшеленеді?
- Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) деректеріне сәйкес, атом электр станциялары әлемдегі ең қауіпсіз әрі сенімді энергетикалық қондырғылардың қатарына жатады. Реакторлық технологиялар қолданысқа енгізілген сәттен бастап үздіксіз дамып, жетілдіріліп келеді. Бұл ретте техникалық шешімдердің сабақтастығы сақталып, АЭС-тердің қауіпсіздік, сенімділік және тиімділік деңгейі тұрақты түрде артып келеді.
Әлемдік тәжірибеде ядролық реакторлар өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтитын төрт негізгі буынға бөлінеді. III және III+ буындағы заманауи ядролық реакторлардың алдыңғы буындағы атом электр станцияларынан негізгі айырмашылығы – қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа тәсілдің қолданылуында.
Аталған тәсіл белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерін пайдалануға негізделген. Бұл жүйелер апаттардың алдын алуға ғана емес, сондай-ақ олардың орын алу ықтималдығы өте төмен жағдайлардың өзінде зардаптарын барынша шектеуге бағытталған.
Белсенді қауіпсіздік жүйелері сыртқы электрмен жабдықтау көздері арқылы жұмыс істейді және автоматтандырылған жүйелер мен жедел персоналдың белгілі бір іс-қимылдарды орындауын көздейді. Мұндай жүйелерге реактордың белсенді аймағын авариялық салқындату, реакторды авариялық тоқтату, резервтік электрмен жабдықтау көздерін және басқа да қауіпсіздік жүйелерін іске қосу жатады.
Пассивті қауіпсіздік жүйелері оператордың араласуын және тұрақты сыртқы электрмен жабдықтауды қажет етпейді. Олардың іске қосылуы табиғи физикалық процестер мен заңдардың әсерінен автоматты түрде жүзеге асырылады. Мұндай жүйелерге балқыма локализациялау құрылғысы (балқыма ұстағыш), герметикалық қорғаныс қабығы (контейнмент), реактор мен бу генераторларынан жылуды пассивті түрде әкету жүйелері және басқа да қауіпсіздік жүйелері жатады.
Сонымен қатар станция жұмысының мыңдаған параметрлерін тәулік бойы бақылайтын және кез келген ауытқуға нақты уақыт режимінде автоматты түрде әрекет ететін цифрлық басқару және мониторинг жүйелері кеңінен қолданылады. Заманауи АЭС жобалары міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы сараптамадан өтеді. Бұл тәсіл МАГАТЭ атом электр станцияларының жобаларына енгізуді ұсынатын «терең эшелонды қорғаныс» қағидатына толық сәйкес келеді.

- Қазіргі АЭС-терде апат қаупі қаншалықты жоғары және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қандай жүйелер қарастырылған?
- Заманауи атом электр станцияларында ірі апаттың орын алу қаупі өте төмен.
Жаңа АЭС-тер халықаралық қауіпсіздік талаптарының ең қатаң стандарттарына сәйкес жобаланады. Соның нәтижесінде, тіпті жекелеген жүйелер істен шыққан немесе сыртқы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда да реактор қауіпсіз күйін сақтай алады.
Қазіргі энергоблоктар күшті жер сілкінісі, дауыл, су тасқыны сияқты табиғи апаттарға, сондай-ақ толық жүктелген әрі жанармай қоры толық ірі жолаушылар ұшағының құлауына төтеп бере алатындай етіп жобаланады. Бұдан бөлек, жобалау барысында станция орналасатын өңірге тән өзге де сыртқы қауіптер мен сирек кездесетін табиғи құбылыстар ескеріледі.
Дәл осы терең эшелонды қорғаныс қағидатының арқасында заманауи АЭС-терде ауыр апаттың орын алу ықтималдығы өте төмен. Тіпті пайдалану мерзімінің 10 миллион жылына бір жағдайдан да аз. Сондықтан қазіргі атом электр станциялары әлемдегі ең қауіпсіз энергетикалық инфрақұрылым нысандарының қатарына жатады.
- Қазақстанда АЭС салу кезінде халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
- Қазақстан Республикасында атом электр станциясын жобалау мен салу барысында халықтың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Экожүйе мен азаматтардың денсаулығын қорғау жобаны іске асырудың барлық кезеңінде жүргізілетін көпдеңгейлі экологиялық бағалау, мемлекеттік реттеу және бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.
МАГАТЭ-нің стандарттары мен ұсынымдарына сәйкес қауіпсіздікті бағалау және бақылау нысанның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Бұл – станцияның орналасатын орнын таңдаудан бастап оны пайдаланудан шығару кезеңіне дейінгі аралық.
Қазіргі таңда жобаға дайындық аясында ықтимал алаңдардың табиғи, геологиялық, гидрологиялық және сейсмикалық жағдайлары жан-жақты зерттеліп, инженерлік ізденістер жүргізілуде және жобалық құжаттама әзірленуде. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) материалдарын әзірлеу, халықтың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізу, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық және кешенді ведомстводан тыс сараптамалардан өту міндетті талаптардың бірі.
Жобаны іске асыруға рұқсат барлық келісу рәсімдері мен лицензиялау кезеңдері аяқталғаннан кейін ғана беріледі. АЭС құрылысы мен кейінгі пайдалану кезеңінде өндірістік экологиялық бақылау жүргізіліп, қоршаған ортаның жай-күйі тұрақты түрде қадағаланады. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауы және халықаралық ұйымдардың консультативтік миссиялары өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.

- Пайдаланылған ядролық отын мен радиоактивті қалдықтармен қалай утилизацияланады және оларды сақтау қаншалықты қауіпсіз?
- Пайдаланылған ядролық отын мен радиоактивті қалдықтар АЭС аумағында бөлек сақталады. Өйткені олардың құрамы, радиоактивтілік деңгейі және олармен жұмыс істеу тәсілдері айтарлықтай ерекшеленеді.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес пайдаланылған ядролық отын реактордан шығарылғаннан кейін алдымен АЭС аумағында сақталады. Бұл қалдықтың жылу бөлуі мен радиоактивтілік деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Кейін ол арнайы дымқыл немесе құрғақ аралық сақтау қоймасына, орталықтандырылған сақтау орнына немесе қабылданған отын стратегиясына сәйкес қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл тәсіл МАГАТЭ құжаттарында белгіленген пайдаланылған ядролық отынды сақтау қағидаттарына сәйкес келеді.
Қазақстандағы АЭС үшін реактордан шығарылған пайдаланылған ядролық отынды станция аумағында қауіпсіз уақытша сақтауға арналған инфрақұрылым құру көзделіп отыр. Ал пайдаланылған ядролық отынмен одан әрі жұмыс істеу мәселелері (қайта өңдеу, реактор технологиясын жеткізушіге қайтару, орталықтандырылған сақтау немесе басқа тәсілдер) кейінірек Қазақстан заңнамасының талаптарын, МАГАТЭ ұсынымдарын және халық пен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидатын ескере отырып айқындалады. Осы талаптарға сәйкес АЭС-тің бүкіл циклі барысында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу де қауіпсіздік талаптарына сай жүзеге асырылады.

- Халықаралық стандарттар мен атом электр станцияларын табысты пайдаланып отырған елдердің тәжірибесі Қазақстандағы болашақ АЭС-тің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қалай көмектеседі?
- Атом энергетикасындағы халықаралық қауіпсіздік стандарттары бірнеше ондаған жыл бойы қалыптасты. Олар атом электр станцияларын пайдалану тәжірибесін жинақтау және Three Mile Island, Чернобыль және «Фукусима-1» АЭС-теріндегі ірі апаттардың себептерін талдау негізінде әзірленді. Қазақстандағы АЭС қауіпсіздігі осы халықаралық тәжірибе мен үздік практикаларды ескере отырып қамтамасыз етіледі.
Ең алдымен, АЭС-ті жобалау, салу және пайдалану МАГАТЭ талаптары мен ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл талаптар станцияның орналасатын орнын таңдаудан бастап оны пайдаланудан шығару кезеңіне дейінгі барлық циклді қамтиды. Аталған талаптарды орындау ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің халықаралық деңгейде мойындалған тәсілі болып саналады. Сонымен қатар реакторлық технологияларды жеткізушілердің сынақтан өткен техникалық шешімдерін пайдалану жобалық, техникалық және лицензиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
АЭС салу жобаларын іске асыру барысында Қазақстан атом энергетикасы дамыған мемлекеттердің халықаралық тәжірибесіне, үздік әлемдік практикаларға және МАГАТЭ, World Nuclear Association, World Association of Nuclear Operators сияқты халықаралық ұйымдардың сараптамалық қолдауына сүйенеді. Жобаның әртүрлі кезеңінде МАГАТЭ тәуелсіз сараптамалық тексеру жүргізіп, жобаның халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалайды. Осылайша болашақ АЭС-тің қауіпсіздігі заманауи реакторлық технологияларды қолдану, сенімділігі дәлелденген техникалық шешімдерді пайдалану, халықаралық стандарттарды сақтау, Қазақстан заңнамасының талаптарын орындау және атом электр станцияларын пайдаланудың үздік әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.
- Сұхбатыңызға рахмет!