Еліміздің су тасқыны қауіпті учаскелеріне мониторинг жүргізілді
Қазақстанда көктемгі су тасқыны кезеңіне жүйелі дайындық жалғасуда. Іс-шаралар кешені гидрологиялық жағдайға мониторинг, алдын алу бағытындағы инженерлік жұмыстарды жүргізуді, сондай-ақ өзендерде мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында бақыланатын мұз жару жұмыстарын жүзеге асыруды қамтиды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ТЖМ-ға сілтеме жасап.
Су басу қаупін азайтудың негізгі құралдарының бірі – бақыланатын жарылыс жұмыстары. Олар өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұз жамылғысын бұзу және әлсіретуге бағытталған, бұл еріген қар суының кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыстар Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында жүргізілді. Әртүрлі өзендерде барлығы 191 жарылыс жұмысы жүргізілді, 31 560 метр мұз кесілді, ал өңделген учаскелердің жалпы ауданы 561 мың шаршы метрді құрады.
Абай облысында Ертіс өзеніндегі гидрологиялық жағдайға мониторинг жалғасуда. ТЖД Бесқарағай ауданының аумағын ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы аэровизуалды тексерді. Жүргізілген бақылаулар қорытындысы бойынша өңірдегі гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендер біртіндеп қыс режимінен шығып келеді, мұз жамылғысы сақталуда, қар еріп жатыр. Халықты, тұрғын үйлерді және жағалау аймақтарын су басу қаупін азайту мақсатында алдын алу шараларын жүргізу бойынша ұсыныстар берілді: су ағызу арналарының уақытылы тазартылуы, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын қадағалау және су тасқыны жағдайын тұрақты бақылауды ұйымдастыру.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу үшін біртұтас механизмді әзірлеу мақсатында Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары ТЖД басшылары мен «Қазсушаруашылығы» РМҚК өкілдерінің жұмыс кездесуі өткізілді. Сілеті су қоймасынан төмен қарай су тасқыны қаупі бар елді мекендерді әуеден барлады. Сілеті өзенінің арнасы, оның су өткізу қабілеті және қазіргі гидрологиялық жағдайы бағаланды. Қосымша судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін мұз жару жұмыстарын жүргізу қажет өзен учаскелері анықталды. Изобильное, Шолақсор, Құлықөл және Қаратал елді мекендеріне ерекше назар аударылды, себебі су тоғанынан су ағысы ұлғайған жағдайда су басу қаупі сақталады. Кездесудің қорытындысы бойынша халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су басу қаупін азайтуға бағытталған үйлестірілген шешімдер мен қызметтердің өзара әрекеттесу тәртібі бекітілді.

Ақтөбе облысында мұз кептелістерінің пайда болуын болдырмау үшін қауіптілігі жоғары учаскелер алдын ала анықталып, арнайы жарылыс жұмыстары жүргізілді. Өзендердің жағасында және су өткізу каналдарында қамыс пен тығыз өскен өсімдіктерден тазартылды, бұл судың кедергісіз өтуіне ықпал етеді.
Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы көтеріліп, қар қарқынды ери бастады. Құтқарушылар өзендердің ашылуына мониторинг жүргізіп, тасқын қауіпті учаскелерді ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып аралауда. Бақылаулар қорытындысы бойынша гидрологиялық жағдай тұрақты. Облыстағы өзендердің көбінде мұз құбылыстары әлсіреп, кейбір өзендерде мұз толығымен еріп бітті. Судың қауіпті деңгейден жоғары көтерілуі тіркелген жоқ. 68303 әскери бөлімнің жеке құрамы Алтай қаласы ТЖ басқармасымен бірлесіп кешенді жұмыстар жүргізді. Су өткізуді қамтамасыз етуге, арықтар мен су өткізгіш каналдарды тазалауға ерекше назар аударылды. Халық арасында қауіпсіздік шаралары мен су тасқыны қаупі туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген жұмыстар барысында әскери қызметшілер 450 қап дайындап, 3 800 м арық жүйесін тазалады, 19 су өткізгіш құбыр мен 7 көпір тазартылды.
Қарағанды облысында кешенді жұмыстар белсенді жүргізілуде. Қарқаралы, Шет, Осакаров аудандарының және Қарағанды қаласының бірқатар ауылдық елді мекендерінде су өткізгіш құбырлар мен су ағызу арналарының алдын алу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, 750 метр траншея қазылып, 4 900 метр арық және 344 су өткізгіш құбыр тазартылды. 4 660 дана инертті материалдар салынған қаптар дайындалып, тасқын қауіпті учаскелерге орналастырылды. Тасқын қауіпті аумақтардың аэровизуалды тексеру жүргізілді. Өзендерге жақын орналасқан елді мекендерге, гидротехникалық құрылыстар мен қорғаныш қалқандарының жағдайына ерекше назар аударылды. Облыс аумағының 73%-ында қар жамылғысы сақталған. Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің жоғарғы ағысында сең жүре бастағаны байқалды. Өңірде су тасқынына қарсы шаралар жүйелі түрде жалғасуда.
Павлодар облысында Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылына ерекше назар аударылды, ол Сілеті өзенінің арнасы бойымен өтеді және мұз кептелістері орын алған жағдайда су басу қаупі бар. Сілеті өзені Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағы арқылы өтеді. Жарылыс жұмыстарын уақтылы жүргізу тасқын сулардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие. Сондай-ақ өзенде мұзды ұсақтау және кесу жұмыстары жүргізілетін болады. Ақтоғай және Ертіс аудандарының тасқын қауіпті учаскелері тексерілді. Аудан әкімдеріне елді мекен көшелерінен қар шығару жұмыстарын күшейту және су өткізгіш құбырларды бақылауды ұйымдастыру тапсырылды. Су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізуге дайындалған техника тексерілді.
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласы маңындағы учаскелерді аралау жүргізілді, онда топырақ үйінділерін нығайту және инертті материалдарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендерді қорғаудың одан арғы шаралары анықталды. Өңірде ТЖМ әскери қызметшілерінің қатысуымен белсенді су тасқынына қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Қапшықтарды дайындауға және су деңгейінің ықтимал көтерілуін тежейтін және су басудың алдын алатын қорғаныш шекараларын құруға баса назар аударылады. Петропавл мен Қызылжар ауданында ТЖМ 28237 әскери бөлімінің күшімен мыңдаған инертті материал дайындалып, қаптарға толтырылды. ТЖМ күштері әскери қызметшілермен және басқа да қызметтермен бірлесіп бөгендер мен қорғаныш құрылыстарына тұрақты мониторинг жүргізді және нығайтты. Қызылжар ауданында 600 қап инертті материалмен толтырылып, бөгенге 180 метр полипропилен кенеп төселді. Бұл шаралар қорғаныш құрылыстарының тұрақтылығын едәуір арттырады және су басу қаупін азайтады.
Барлық іс-шаралар су тасқыны салдарын барынша азайтуға және көктемгі кезеңде елді мекендерді су басудың алдын алуға бағытталған.