Астанада көлік салығын төлемеген жүргізушілерге ескерту жасалды
Астанада 5 наурыздағы жағдай бойынша 60 393 салық төлеушінің жеке тұлғалардың көлік және мүлік салықтары бойынша 3 млрд 89 млн теңге көлемінде салықтық берешегі бар. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынгүл Тоқaева мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Спикердің айтуынша, оның ішінде негізгі бөлігі жеке тұлғалардың көлік құралдары салығына тиесілі – 2 млрд 750 млн тенге. Бұл аталған салық түрін уақтылы төлеу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 563-бабына сәйкес, көлік құралдары салығын төлеушілер – меншігінде салық салу объектілері бар жеке тұлғалар.
Ал Салық кодексінің 564-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және (немесе) есепте тұрған көлiк құралдары (тіркемелерді қоспағанда) салық салу объектілері болып табылады.
«Жеке тұлғалар көлік салығын салық төлеушінің тұрғылықты жері бойынша есепті салықтың кезеңінен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төлеуге тиіс. Салықты есептеу кезеңі – күнтізбелік жыл, яғни 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін аралығындағы күнтізбелік жыл көлiк құралдары салығын есептеу үшін салықтық кезең болып табылады (ҚР Салық кодексінің 568-бабы).
Айта кету керек, көлік құралдары салығын есептеуді жеке тұлғалар өздері жүргізеді. Сонымен қатар салық органдары есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінде салықты есептеп, осыдан кейін төлеуге қатысты ақпарат салық төлеушілерге қолжетімді болады. Салық төленбеген жағдайда және берешек пайда болған кезде салық органы салық төлеушіге хабарлама жібереді.
ҚР Салық кодексінің 83-бабына сәйкес, хабарлама алынғаннан кейін азаматқа берешекті ерікті түрде өтеу үшін 30 жұмыс күні беріледі. Осылайша, қолданыстағы салық заңнамасы берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай тұрып, оны ерікті түрде төлеуге мүмкіндік береді.
Егер берешек толық немесе ішінара өтелмесе және оның мөлшері 1 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асса, хабарлама табыс етілген күннен бастап 30 жұмыс күні өткен соң салық органы берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады (ҚР Салық кодексінің 190-бабы). Одан әрі төлем жасалмаған жағдайда салық бұйрығы 5 жұмыс күні ішінде мәжбүрлеп орындату үшін атқарушылық іс жүргізу органдарына жолданады», – дейді Алтынгүл Тоқaева.
Салық бұйрығы атқарушылық іс жүргізу органдарына жіберілгеннен кейін берешекті сот орындаушылары өндіріп алады. Бұл ретте сот орындаушысының қызметі үшін төлем өндіріп алынатын соманың 25%-ына дейін жетуі мүмкін, бұл берешек көлемін едәуір арттырады.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, борышкерлерге мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, банктік шоттарға және мүлікке тыйым салу; мүлікке билік етуге шектеу қою; жылжымалы және жылжымайтын мүлікті алып қою; құқық белгілейтін құжаттарды тәркілеу.
Сонымен қатар белгілі бір әрекеттер жасауға шектеу қойылуы, мүлікті мөрлеу және үшінші тұлғаларға борышкерге ақша немесе мүлік беруге тыйым салу шаралары қолданылуы мүмкін.
«Егер берешек үш айдан астам уақыт өтелмесе және оның мөлшері 40 АЕК-тен асса, азаматтың Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.
Көлік құралдары салығын уақытылы төлеу берешектің пайда болуына, істің сот орындаушыларына берілуіне және қосымша қаржылық шығындардың туындауына жол бермейді. Салық органдары азаматтарға салық міндеттемелерінің бар-жоғын алдын ала тексеріп, төлемдерді уақытылы жүргізуді ұсынады.
Салық міндеттемелерін орындау – қаржылық тәртіптің маңызды элементі. Бұл бюджетке түсетін қаражаттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қалалық инфрақұрылымды дамыту мен әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға бағытталады», – дейді спикер.
Бұған дейін Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе 60 мәселені қарастырғанын жаздық.