Астаналық 3 мың оқушы Бірлік күніне орай «Ақ көгершін» әнін орындады

Бүгін, 14:32
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық 3 мың оқушы Бірлік күніне орай «Ақ көгершін» әнін орындады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған Flash Vibe «Бейбіт елдің ұрпақтары» атты ауқымды флешмоб өтті. Акцияға мектеп оқушылары мен қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Музыкалық негіз ретінде «Ақ көгершін» композициясы таңдалды. Ол – бейбітшілік, келісім мен бірліктің символы. Іс-шараның мәнін арттырған тағы бір жайт бұл күн көрнекті композитор, елдегі кәсіби музыкалық өнердің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың мерейтойымен тұспа-тұс келуі.

Флешмоб барысында қатысушылар «ақ көгершін» бейнесінде сап түзеді. Бұл образ бейбітшілік пен үмітті білдіретін акцияның басты символына айналды.

Ақ және көк түсті киім киген балалар мен жасөспірімдер біртұтас көрініс қалыптастырды. Ақ түс тазалық пен үйлесімге ұмтылысты білдірсе, көк түс бейбіт аспан мен халық бірлігін білдіреді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, флешмоб әртүрлі этнос өкілдері арасындағы достықты, өзара түсіністік пен құрметті нығайтуға бағытталған.

Еске сала кетейік, елордада Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай 60-қа жуық көшет отырғызылды.