Айдана Акесина: Халық кеңесі – жаңартылған мемлекеттік модельдің өзегі
2026 жылғы конституциялық реформа аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа форматқа өтіп, Халық кеңесі ретінде қайта құрылады. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Айдана Акесинаның айтуынша, бұл өзгеріс қоғамдық диалогтың саяси салмағын арттырып, оны заңнамалық деңгейге көтереді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстан ауқымды институционалдық трансформация кезеңіне қадам басты. 30 жыл бойы этносаралық келісімнің негізі болған Қазақстан халқы Ассамблеясы енді жаңа конституциялық орган – Халық кеңесіне айналмақ.
«Бұл реформа қоғамдық диалогқа нақты заңнамалық тетіктер береді. Ең бастысы – Халық кеңесі Үкіметпен тең дәрежеде Парламентке, яғни Құрылтай заң жобаларын тікелей енгізу құқығына ие болады. Осылайша оның мәртебесі кеңесші деңгейден заң шығару процесіне ықпал ететін субъект деңгейіне көтеріледі», – дейді сарапшы.
Айдана Акесинаның айтуынша, жаңа орган институционалдық тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтай функцияларын біріктіреді. Егер Ассамблея негізінен қоғамдық сипатта жұмыс істесе, Халық кеңесі конституциялық мәртебеге ие болады.
Жоспар бойынша, Халық кеңесінің құрамына 126 мүше кіреді. Олар үш тең квота қағидаты бойынша – этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және азаматтық сектордан (әрқайсысы 42 адамнан) жасақталады. Бұл модель өңірлердің, түрлі этностардың және азаматтық қоғам өкілдерінің мүдделерін теңгерімді түрде қамтуға бағытталған.
«Халық кеңесі консенсус негізінде шешім қабылдайтын алаң болады. Әсіресе этносаралық келісім мәселелерінде қалыптасқан ортақ ұстаным Құрылтай үшін заң қабылдау барысында маңызды бағдарға айналады», – деп атап өтті сарапшы.
Оның пікірінше, егер бұрын Ассамблея Парламенттегі квота арқылы шектеулі өкілдікке ие болса, жаңа институт этникалық және әлеуметтік топтардың заң шығару процесіне жүйелі түрде қатысуын қамтамасыз етеді әрі мемлекеттік басқарудың жаңартылған архитектурасына толық кіріктіріледі.
Ассамблеяны реформалау 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға ұсынылатын Конституцияның жаңа мәтінін әзірлеу үдерісінің бір бөлігі болып табылады.