Астана Азияның туристік нарығындағы ықпалын күшейтіп келеді

Астана Азияның туристік нарығындағы ықпалын күшейтіп келеді
Фото: Астана әкімдігі

2026 жылғы 26-28 мамыр аралығында Шанхай қаласында Қытай нарығына бағытталған халықаралық және шығыс туризмді дамытуға арналған жетекші кәсіби алаңдардың бірі – ITB China 2026 халықаралық туристік B2B көрмесі өтіп жатыр. Көрме аясында Астана қарқынды дамып келе жатқан халықаралық туристік бағыт ретінде таныстырылуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Астанаға 1,6 миллионнан астам турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Негізгі туристік ағынды Қытай, Түркия, Ресей, Германия және АҚШ елдерінен келген қонақтар құрайды.

Қазіргі таңда елордада халықаралық желілерді қоса алғанда 310-нан астам қонақүй және 2 255 қоғамдық тамақтану нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 525-і – мейрамхана (ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша).

Қалада қонақүй және мейрамхана саласы тұрақты дамып, қызмет көрсету сапасы артып, халықаралық стандарттар енгізіліп келеді.

Сонымен қатар MICE-сегментінің дамуына ерекше назар аударылуда. 2025 жылы елордада 150 мыңнан астам қатысушыны қамтыған 190-ға жуық халықаралық іс-шара өтті. Бұл Астананың іскерлік туризмнің өңірлік орталығы ретіндегі позициясын нығайтып отырғанын көрсетеді.

Елорданың көрме экспозициясына туризм индустриясындағы жетекші қазақстандық және халықаралық компаниялар қатысуда. Олардың қатарында Air Astana, Luxury Services Kazakhstan, Shef Tour, Beijing Palace Soluxe Hotel Astana, SAAD Hotel Astana, Kazzhol Astana Hotel, EZ Tours, Kontakt Agency, Wyndham Garden, KompasTour Operator және Complete Service Tourism Company бар.

Іскерлік бағдарлама аясында Астана делегациясы халықаралық туроператорлармен, MICE-компаниялармен және салалық серіктестермен 100-ден астам B2B кездесу өткізеді. Кездесулер туристік ағынды ұлғайтуға және елорданың Азия нарығындағы позициясын күшейтуге бағытталған.

«Астананың ITB China 2026 көрмесіне қатысуы Азия нарығында елорданың бәсекеге қабілетті туристік әрі іскерлік бағыт ретіндегі халықаралық брендін одан әрі нығайтуға бағытталған», – деді Олжас Ибраев.