Тоқаевқа Құрбан айтқа орай шетел көшбасшыларынан құттықтаулар жолданды

Тоқаевқа Құрбан айтқа орай шетел көшбасшыларынан құттықтаулар жолданды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шавкат Мирзиёев Құрбан айттың тарихы, тілі, діні мен дәстүрі ортақ халықтар арасындағы бауырластықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті.

– Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы беки түсетініне сенімдімін, – делінген жеделхатта.

Садыр Жапаров Құрбан айтты рухани тазарудың, қайырымдылық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде сипаттады.

– Бұл қастерлі мейрам тарихтан тамыр тартатын достығымызды, бауырластығымызды, халықтарымыз арасындағы өзара құрметті арттыра беретініне сенімім мол, – деп жазылған құттықтауда.

Эмомали Рахмон мерекенің елдер арасындағы достықты, тиімді ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

– Қастерлі мейрам ғасырлар бойы халықтарымызды ізгілікке, жомарттыққа, әділдікке, өзгеге көмек қолын созуға үндеп келеді, – делінген Тәжікстан Президентінің құттықтауында.

Сердар Бердімұхамедов сенім мен жанашырлық салтанат құратын қасиетті мереке күллі мұсылман үмбетін біріктіретінін жеткізді.

– Ортақ рухани құндылықтарға деген ұмтылыс халықтарымыз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете беретініне күмәнім жоқ, – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ Құрбан айт мейрамына орай өздерінің ізгі тілектерін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Кувейттің Тақ мұрагері Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабах, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Ауғанстан Премьер-министрі Мохаммад Хасан Ахунд, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев және тағы басқалар жолдады.

Ақорданың мәліметінше, құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтаған еді.