Арқалықтағы жылу және электр желілерін жаңғыртуға 5,8 млрд теңге бөлінді
Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінен Қостанай облысындағы Арқалық қаласының жылу және электр желілерін жаңғыртуға 5,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.
Үкімет резервінен бөлінген қаражаттың 3 млрд теңгесі қаланың электр желілерін реконструкциялауға, ал 2,8 млрд теңгесі ұзындығы 8,3 шақырым болатын жылу магистралін жаңғырту жұмыстарын аяқтауға бағытталады.
Мұндай шешім Арқалық қаласындағы жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты қабылданған. Энергетикалық инфрақұрылым нысандарының басым бөлігі 1970 жылдардан бері пайдаланылып келеді және кешенді жаңартуды қажет етеді.
Бұған дейін, 2025 жылы Арқалық қаласының жылу желілерін жөндеуге 914 млн теңге бөлінген болатын. Оның 645,5 млн теңгесі Үкімет резервінен, қалған бөлігі облыстық бюджет есебінен қарастырылды. Соның нәтижесінде 1,6 шақырым жылу желісі жаңартылған.
Үкімет мәліметінше, жылу магистралінің қалған бөлігін реконструкциялау жылу желілерінің тозу деңгейін 25 пайызға төмендетіп, қаладағы жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ электр желілерін жаңарту жобасы аясында үш қосалқы стансаны реконструкциялау, 110, 35 және 10 кВ кернеулі электр беру желілерін салу және жаңарту, ұзындығы 37,8 шақырым болатын желілердегі ағаш бағандарды темірбетон тіректерге ауыстыру жоспарланып отыр.
Аталған шаралар Арқалық қаласы мен Қостанай облысындағы Жангелдин және Амангелді аудандарының 58 мың тұрғынын тұрақты электрмен қамтуға мүмкіндік береді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар өңірдің тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және Арқалық пен оған іргелес аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.