80 жастағы астаналық ардагер спортшы Кейптаунда толық марафонды бағындырды
80 жастағы астаналық марафоншы Салтанат Түйтебаев Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен халықаралық марафонға қатысып, жарақатына қарамастан 42,2 шақырымдық толық қашықтықты сәтті жүгіріп өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордалық ардагер спортшы мәреге 7 сағат 31 минутта жетті. Халықаралық әуежайда оны Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, туған-туыстары мен жанкүйерлері қарсы алды.

«Біз сіз үшін алаңдадық және елге аман-есен оралғаныңызға қуаныштымыз. Сізді қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе», – деді Василий Левит.
Өз кезегінде Салтанат Түйтебаев жарыс барысында алған жарақатына қарамастан, жарысты аяқтауға бел буғанын айтты.
«11-шақырымда марафонды жалғастыруға кедергі келтіретін жарақат алдым. Дәрігерлер жарысты тоқтатуды ұсынды. Алайда екі рет медициналық көмек алғаннан кейін де қашықтықтан шықпай, мәреге дейін жеттім», – деді спортшы.
Оның айтуынша, жарақат болмағанда жүлделі орыннан үмітті болған.
«2027 жылы Жапонияда өтетін ардагерлер олимпиадасында есемді қайтарамын», – деді ол.

Салтанат Түйтебаев күн сайын жүгіруді жалғастыратынын жеткізді.
«Таңертең жүгіремін. Спорттық формамды сақтап, барлық жарысқа қатысуға тырысамын. Немере-шөберелеріме белсенді әрі салауатты өмір салтының үлгісі болғым келеді», – деді марафоншы.

Айта кетейік, Салтанат Түйтебаев – Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2025 жылы ол New York City Marathon жарысында 80–89 жас санатында чемпион атанып, қашықтықты 4 сағат 45 минутта жүгіріп өткен.
Сондай-ақ 2021 жылы Австралияда өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында 75–79 жас санатында күміс медаль иеленген. Бұдан бөлек, Жаңа Зеландиядағы ардагерлер олимпиадасының чемпионы атанған.