Қазақстанның жоғары оқу орындарында дзюдо кезең-кезеңімен енгізіледі

Қазақстанның жоғары оқу орындарында дзюдо кезең-кезеңімен енгізіледі
Фото: t.me/SayasatNurbekOfficial

Қазақстанның жоғары және техникалық білім беру ұйымдарында дзюдо спортын дамытуға бағытталған жаңа жоба іске асады. Бұл туралы Саясат Нұрбек өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Құжат аясында IJF және Jenys International Sports Foundation ұйымымен бірлесіп, дзюдоны еліміздің жоғары және техникалық білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Жоба тек спорт секциялары мен жарыстар ұйымдастырумен шектелмейді. Бастама жастар арасында тәртіп, сабыр, құрмет пен ішкі мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ халықаралық ұйымдар оқу орындарын қажетті спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, татами, кимоно және жаттығуға қажетті өзге де құрал-жабдықтар беріледі.

Бұдан бөлек, студенттік лигаларды дамыту, жарыстар өткізу, университеттер мен колледждердің спорт инфрақұрылымын күшейту, жаттықтырушылар мен мамандар даярлау көзделіп отыр.

«Өйткені бүгінгі университет – тек білім беретін орын емес. Бұл – тұлға, көшбасшылық, ойлау мәдениеті мен елдің болашақ буыны қалыптасатын орта. Ал жастар спортқа көбірек тартылған сайын, Қазақстанның адами капиталы да соғұрлым күшейе түседі», – деп жазды Саясат Нұрбек.