Мобилография, алғашқы көмек: Балалар лагерьде немен айналысады


Бүгін Ақмола облысы Зеренді ауылындағы сауықтыру кешенінде El Umiti қорының бастамасымен ұйымдастырылатын еліміздегі ең ірі жазғы білім беру жобаларының бірі — El Umiti CAMP-2025 өз жұмысын бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 күнге жалғасатын жазғы лагерьге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 14-18 жас аралығындағы 200 бала қатысып жатыр.
Жасөспірімдерге арналған бұл тегін лагерь биыл төртінші рет өткізіліп отыр. 2022 жылдан бері El Umiti CAMP жобасы арқылы 600-ден астам жас қамтылып, олардың тұлғалық және кәсіби дамуына жол ашылды. Осы жылғы маусым да дәстүрге сай мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленеді.
Ашылуында сөз сөйлеген Корпоративтік қордың басқарушы директоры Гүлім Жүсіпова жобаның басты мақсатын айқындап берді.
«El Umiti CAMP-2025» – бұл тек жазғы лагерь ғана емес, бұл – Қазақстанның ертеңі үшін жауапкершілікті сезінетін, ізденістегі, арманы бар жастардың тоғысқан ортасы. Біз бұл жобаны іске асыру арқылы әр жасөспірімге өз әлеуетін ашуға нақты мүмкіндік бергіміз келеді», - деді ол.
Лагерь бағдарламасы кәсіби бағдар, медиа өндіріс, алғашқы медициналық көмек және пікірсайыс сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар, қатысушылар әлеуметтік дағдыларды дамытуға арналған тренингтер мен мобильді түсірілім бойынша практикалық сабақтарға қатысады. Бұл тәжірибелік сабақтар жастардың креативтілігі мен медиасауаттылығын арттырып, заманауи құралдармен жұмыс істеу машығын қалыптастырады.
El Umiti CAMP – бұл тек сабақ немесе тренингтер ғана емес. Бұл — әр жас өзінің жаңа қырын ашып, қоғамдағы орнын іздейтін кеңістік. Лагерь күндері ұлттық ойындар, спорттық эстафеталар мен зияткерлік сайыстарға да толы. Асық ату, шахмат, логикалық квесттер – бәрі де жасөспірімдердің қабілеттерін шыңдауға көмектеседі.
Лагерьдің тағы бір маңызды бөлігі — шабыт сыйлайтын кездесулер. Жастар түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалармен еркін форматта сұқбаттасып, өз армандарын жүзеге асыру жолында нақты қадамдар жасауға мотивация алады.
Ал лагерьдің кульминациялық сәттерінің бірі – ашық аспан астында өтетін концерт. Осыған дейін сахнада Мархаба Саби, Alzabi, Ayree, Asik сынды заманауи орындаушылар өнер көрсетіп, жастарға нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады. Биыл да концерт ерекше атмосферасымен есте қалмақ.