Қазақстанда заңсыз жүрген 1 240 шетелдік азамат елден шығарылды

17 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда заңсыз жүрген 1 240 шетелдік азамат елден шығарылды
Фото: видеодан скрин

Елімізде «Мигрант» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 10 мыңға жуық фактісі анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

«4,5 мың шетелдік азамат елде болу мерзімін бұзған. 2,5 мыңы заңсыз еңбек қызметімен айналысқан. Оның ішінде 60 заңсыз такси жүргізушісі бар.

Атап кетсек, бұған дейін жүргізілген арнайы операция кезінде 700-ге жуық заңсыз такси жүргізушісі анықталған болатын.

1 240 шетелдік сот шешімімен елден шығарылып, оларға бес жылға дейін Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

Заң бұзушылардың басым бөлігі жақын шет мемлекеттен келгендер. Бірақ одан бөлек Бангладеш, Египет, Италия, Нигерия және Мадагаскар азаматтары да анықталды.

Іздеуде жүрген 20 шетелдік ұсталды», - деді ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.

2 200 қабылдаушы тұлға шетелдіктердің келуі туралы полицияға хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 12 млн теңге айыппұл салынды.

500 қазақстандық жұмыс берушіге шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 33 млн теңге айыппұл салынды.

Олардың ішінде бес тұлға осындай әрекетті бұрын да жасаған. Қазір бұл азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

Шетелдіктерге жалған құжаттар рәсімдеген Қазақстан азаматтарына қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды.

«Астанада бір университет жатақханасында комендант 56 еңбек мигрантына студент ретінде уақытша тұруға рұқсат берген.

Алматы облысында нотариустың көмекшісі шетелдіктерді «жоқ» мекенжайларға тіркеу үшін жалған сенімхаттар рәсімдеген.

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді Аслан Аталықов.

ІІМ миграциялық заңнаманы сақтауға және шетелдік қонақтар мен Қазақстан азаматтарын көші-қон мәселелері бойынша заңсыз қызмет көрсететін күмәнді тұлғаларға жүгінбеуге шақырады.

«Шетелдіктердің келуі туралы хабарлама беру, жеке сәйкестендіру нөмірін алу, дакторегистрацияны өту және уақытша тұруға рұқсат рәсімдеу үшін мемлекет төлем алмайды.

Заң мен тәртіпті сақтауға шақырамыз», - деп атап өтті ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы.