Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері уақытша көшетін болды

Бүгін, 09:10
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views62
Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері уақытша көшетін болды
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілері ақыры басқа орталыққа көшетін болды, десе де бұл тек жөндеу жұмыстары біткенге дейін қабылданып отырған уақытша шара, деп хабарлады Elordainfo.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

ӨКҚ-нің хабарлауынша, Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері басқа орталыққа көшірілгенімен, Алматыда қалады.

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Алматыда барлық бала үшін тең мүмкіндіктер жасау бағытында жүйелі жұмыс істеліп жатқанын мәлімдеді.

«Бағанашыл шағын ауданында орналасқан №2 Балаларды қолдау орталығына ерекше назар аударылған. Мұнда 100 тәрбиеленуші тұрады, олардың 13-і мектепке дейінгі жастағы балалар, ал 87-сі мектеп оқушылары. Бұған дейін БАҚ-та балаларды облысқа көшіру мәселесі талқыланған болатын, алайда барлық тәрбиеленушінің Алматыда қалатыны туралы шешім қабылданды.

Орталық ғимаратына жөндеу жүргізу кезеңінде балалар уақытша Торайғыров көшесі, 1 мекенжайындағы №1 мектеп-интернатқа орналастырылады. Ондағы ғимараттың жалпы аумағы 1 113,1 шаршы метрді құрайды, бұл балалардың жайлы тұруы мен оқуы үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Еске салсақ, желіде балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқаны туралы видео тараған болатын. Балаларды полиция қызметкерлерінің көмегімен көшірмек болған.

Бұл кадрлар бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саинның ашуын туғызған. Ол балаларды олардың келісімінсіз және олардың пікірімен санаспай көшіру – құқықтарын бұзу деп атады.

Жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды

Кейін Алматы әкімдігі «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері өз орталығы аумағында тұрып, Алматы қаласында білім алуын жалғастыратынын мәлімдеді.

Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйін Қонаевқа көшіруге қатысты даудан кейін Алматы облысында жоғары лауазымды үш шенеунік қызметінен кетті.