Елімізде үздік әлеуметтік қызметкерлер байқауына онлайн дауыс беру басталды

Қазақстанда «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауына қатысу үшін өтінім қабылдау кезеңі аяқталды. Елдің барлық өңірінен барлығы 1 041 өтінім келіп түсті: бұл – кәсіби қауымдастықтың байқауға зор қызығушылық танытқанын көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
1 қазаннан бастап qamqor.enbek.kz онлайн-платформасында өңірлік іріктеуден өткен үміткерлерге арналған халықтық онлайн дауыс беру кезеңі басталды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамашы болған бұл конкурс әлеуметтік сала мамандарының белсенділігін және инновациялық бастамаларын анықтап, көтермелеуді, сондай-ақ олардың кәсіби беделін арттыруды мақсат етеді.
Әлеуметтік қызметкер мамандығы – қоғамдағы ең ізгі әрі маңызы зор мамандықтардың бірі. Бұл сала мамандары күн сайын өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарға көмек көрсетеді: жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға үйде қызмет көрсетеді, отбасыларға қолдау білдіреді, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтарда жұмыс істейді, елдің әл-ауқаты үшін баға жетпес үлес қосады.
Елімізде жарияланған Еңбек адамы жылы аясында бұл конкурс әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы еңбегінің маңыздылығын айқындап, олардың жанқиярлық қызметіне қоғам назарын аударуды көздейді.
Өтінім беру науқаны барысында ең белсенділік танытқан өңір – Батыс Қазақстан облысы, бұл аймақтан 110 өтінім келіп түсті. Жеті номинацияның ішінде ең танымал болғаны – «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік жұмыскері», бұл номинация бойынша елдің түкпір-түкпірінен 369 үміткер қатысуда.
Номинациялар бойынша өтінімдер келесідей бөлінді:
«Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік жұмыскері» – 336 өтінім;
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік жұмыскері» – 206 өтінім;
«Еңбек ұтқырлығы орталығының (мансап орталығының) үздік қызметкері» – 215 өтінім;
«Үздік әлеуметтік жоба» – 95 өтінім;
«Үздік әлеуметтік педагог» – 122 өтінім;
«Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор» – 38 өтінім;
«Медициналық-әлеуметтік сараптама саласының үздік қызметкері» – 29 өтінім.
Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы әрбір қазақстандық өз таңдаған үміткерін 5 қазанға дейін қолдап, дауыс бере алады.
Маңызды ескерту: әр азамат тек бір рет және тек бір үміткерге ғана дауыс бере алады. Халықтық дауыс беру нәтижелері республикалық комиссияның жеңімпаздарды анықтау барысында негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде ескерілетін болады. Іріктеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында қазылар алқасы құрамына мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері мен әлеуметтік сала сарапшылары енеді.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 24 қазанда, Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында Астанада өтеді. Бұл шара – осы мәртебелі мамандық иелерінің ең үздіктерін ұлықтайтын айтулы оқиға болмақ.



