Елордалық мектепте ардагер ұстаздармен кездесу өтті

Бүгін, 15:46
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
views144
Елордалық мектепте ардагер ұстаздармен кездесу өтті
Фото: Сабина Кәкімжан

Бүгін Астанадағы №96 мектеп-гимназиясында "Ұстаздар – даналық шыңы" атты ардагер ұстаздармен мерекелік кездесу болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шараның мақсаты – ұстаздарға құрмет көрсету, олардың еңбегін дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі ету. 

“Ардагер ұстаздар – біздің сыйлы әрі құрметті әріптестеріміз. Ал мектебіміздің жас мамандары  олардан білім қазынасын алады. Осындай мерекелік іс-шаралар балаларға қуаныш сыйлайды. Мұндай іс-шараларды тек мейрам күндері емес, күнделікті өмірде де өткізуге тырысамыз. Біздің мамандығымыздың ұлылығы – еліміздегі әрбір адамның мектеп қабырғасынан білім алатынында. Ең маңызды мамандық – педагог. Кәсіби мереке құтты болсын”, - деді Астанадағы №96 мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Теменова.

Шараға 40 жылдық еңбек өтілі бар, ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған ардагер ұстаздар Нұрсадық Айтмұхамбетов, Алма Қаржаубаева, мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

“Еңбек жолымды Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында бастадым. Кейін мектеп директоры қызметін атқардым. Сол уақытта қазақ сыныптарын аштық. Бұл саладағы еңбек өтілім – 40 жыл. Өзім – география пәнінің мұғалімімін. 2017 жылдан бастап зейнеттемін. Бірақ соған қарамастан, үнемі білім саласындағы жаңалықтарды оқып-біліп отырамын. Осылай мектепте өтетін іс-шараларға шақырту түссе, барып, жас мамандарға пайдалы кеңестерімді айтып тұрамын”, - деді 71 жастағы ардагер ұстаз Нұрсадық Сейітқазыұлы.

Мерекелік іс-шара барысында оқушылар ұстаздарға арналған әндер шырқады, би билеп, күй тартты.