Бурлиновтар – 178 жылдық еңбек өтілі бар астаналық теміржолшылар әулеті

Бүгін, 10:00
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
views65
Бурлиновтар – 178 жылдық еңбек өтілі бар астаналық теміржолшылар әулеті
Фото: Жанболат Бурлиновтың жеке мұрағатынан

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік маңызды құндылықтардың бірі екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады» деген болатын. Астаналық Бурлиновтар әулеті дәл сондай еңбек династиясынан. Elordainfo.kz тілшісі еңбек күніне орай теміржол саласында бірнеше буын ұрпақ өкілдері үзбей қызмет етіп келе жатқан әулеттің мүшелерімен әңгімелескен болатын.

Фото: Жанболат Бурлиновтың жеке мұрағатынан

Еліміздің теміржол саласында өзіндік орны бар, еңбек дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан Бурлиновтар әулеті – нағыз еңебкқорлықтың, адалдықтың, жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

Еңбек династиясының теміржолдағы жұмыс өтілі бүгінде 180 жылдан асып отыр. Бұл – жай ғана сан емес, бұл – бірнеше буынның маңдай терімен келген тәжірибесі мен темірдей тәртібінің айғағы. Бурлиновтар жанұясының аға буыны осы саланың қиындығы мен қызығын қатар көріп, бүгінде зейнетке шығып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып отыр.

Фото: Жанболат Бурлиновтың жеке мұрағатынан

Әулеттің теміржолдағы көшін бастаған – Кенжеш Бурлиновтен. Ол кісі Қарағанды облысы Шет ауданы Киікті  станциясында вагон бақылау пунктінде 30 жылдай жұмыс істеді. Дәл осы жерде ұлы Балта Кенжешұлы да әке жолын қуып, жұмысты жалғастырған. Кейін ол кісі  Ағадыр станциясына ауысқа. Мұнда машинист, слесарь секілді қызметтерді атқарды. Еңбек өтілі 30 жылдан асатын Балта Кенжешұлы Маскен Бурлиновамен отбасын құрып, бес бала тәрбиелеп өсіреді.

Бүгінде 82 жастағы ақ жаулықты әжей теміржол саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етті.

«Мен Ағадыр станциясында жүк вагондарын қабылдаушы болып жұмыс істедім. Ол уақытта ауысыммен қызмет еттік. Бізге шет елдерден жүк көп келетін. Олардың салмағы өте ауыр болғанына қарамастан біз, әйелдер соларды өзіміз көтеретінбіз. Жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамастан уақытымен барып, жұмысымызды істедік.  Ал 1993 жылы мен зейнет жасына толсам да,  тағы бір жылдай еңбек еттім. Сөйтіп, кенже баламды үйлендіріп, жұмыстан біржола зейнетке кеттім», - деді әжей.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Теміржол саласының ардагері бұл салада темірдей тәртіп керек екенін айтады.

«Бұл сала адамды тәртіпке үйретеді. Себебі барлық жұмысты уақытымен орындап, үлгеріп отыру қажет. Өздеріңізге мәлім, теміржол саласы алдын ала белгіленген уақытпен жүреді. Оған бір минутқа да кешігуге болмайды. Егер бір қызметкер жұмыста қателік жіберсе, ол өзгелерге де әсер етеді. Сондықтан бұл салада  қызмет ететіндердің бойында тәртіп, жауапкершілік болуы керек», - деді Маскен Бурлинова.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл әулеттің тұңғыш перзенті Рымкеш Әбенова да теміржолда еңбек еткен санаулы әйелдердің бірі. Ол ерлерге арналған жұмыс екеніне қарамастан нәзік жандылардың қайсарлығын дәлелдеген. Өмірін теміржолға арнаған кейіпкеріміз «Қамқор» ЖШС-нің Астана локомотив жөндеу депосының филиалында дефектоскопист болып жұмыс істеді. Ол жастарға тәлімгер болып, шәкірттерді ультрадыбыстық жабдықтармен жұмыс істеуге үйретті. Бұл салада 30 жыл еңбек еткен астаналық келіншек бүгінде – зейнеткер.

Фото: Оңалхан Өнерхан

«Менің міндетім – ақау шыққан вагондардың детальдарын жеке-жеке алып, арнайы құрылғылармен тексеру.  Негізі айтуға оңай, алайда бұл көп қажыр-қайратты, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әр жұмыстың қиындығы болады ғой. Бастысы мамандығым ұнайды. Менің ойымша, адам өзінің қалауымен жұмыс істегенде, еңбегі де жемісті болады. Бүгінде мен зейнеткермін. Қазіргі кезде екі ұлым да, келінім де осы саланың мамандары. Ал келінім қазіргі кезде бала күтіміне байланысты демалыста», - деді Рымкеш Балтақызы.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Үйдің үлкен ұлы Төлеген Бурлинов ата-анасының жолын қуып, еңбек жолын Ағадыр локомотив депосында дөңгелек цехының шебері болып бастаған.  Кейін Төлеген Кенжешұлы машинист көмекшісі секілді қызметтерді атқарған. Теміржол саласында 40 жылдан астам жұмыс істеген ол бүгінде зейнеткер. Оның бауыры Мейрамбек Бурлинов та өмірін осы саламен байланыстырған. Ол кісі Ағадыр станциясындағы әскери теміржол күзетінің атыс командасының күзетшісі болып жұмыс істеген.

Бурлиновтар үшін теміржол – тек жұмыс орны ғана емес, бұл – өмір салты. Отбасы мүшелерінің айтуынша, бала кезден пойыз дауысы мен рельс сыбдыры олардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл ортада өскен ұрпақ да теміржолшы болу – мақтаныш. 

Тірлігі теміржолмен бірлескен бұл әулет ата кәсіп жолын бұзбай келе жатыр. Немерелерінің үлкендері осы салада қызмет етсе, ал кенжелері қызығушылық танытуда. Солардың бірі –  еңбек жолын қарапайым монтердан бастаған Жанболат Бурлинов. Бұл салада 2008 жылдан бері қызмет ететін ол аталарының ізін жалғап келеді.

Қазіргі таңда Жанболат Төлегенұлы елордадағы «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясының орталық офисінде Бас есептеу орталығындағы филиалдың бас менеджері болып жұмыс істейді.

«Бала кезімнен теміржол саласына қызықтым. Алыстан паровоздың үнін естіген сайын жүрек бірге соғатын. Пойыздардың қозғалысын сағаттап бақылап тұрған кезде болашақта соның бір бөлігі болуды армандайтынмын.  Мамандықты таңдаудың уақыты келгенде мен де теміржолшы болуға, осы салаға өмірімді арнауға шешім қабылдадым. Ал ата-анам менің бұл салаға құштарлығымды көріп, шешімімді қолдады. Жалпы теміржолшының жұмысы – оңай емес. Ол еңбекқорлықты, төзімділікті қажет етеді», - деді Жанболат.

Жанболаттан кейінгі үйдің екінші немересі Нұрболат Төлегенұлы да өмірін осы салаға арнаған. Ол Қазақстандағы локомотивтерді, электровоздарды және арнайы жүргінші құрамдарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын «Қамқор Локомотив» ЖШС Ағадыр станциясындағы филиалында  слесарь болып жұмыс істеді.

Нұрсұлтан Мейрамбекұлы да – теміржолшы. Ол Ағадыр электр жабдықтау дистанциясын басқарған. Сондай-ақ ол электромонтер, электромеханик, инженер секілді қызметтерді атқарған. Бүгінде 34 жастағы қарағандылық тұрғын «Достық-Мойынты» теміржол құрылысының бас менеджері болып қызмет етеді. Ол үнемі кәсіби біліктілігін арттыру семинар-тренингтеріне қатысып тұрады. Жалпы бұл салада теміржолшы 12 жылдан бері қызмет етеді.

Рымкеш Балтақызының үлкен ұлы Жансұлтан Әбенов «Вагонсервис» АҚ Ақмола жолаушы вагондарын жөндеу филиалының деполық жөндеу цехының басшысы болып қызмет етеді.

Осы салада 18 жылдық еңбек өтілі бар ол алғыс хаттармен марапатталған.  Ал екінші ұлы Әлібек Әбенов «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ  «Магистральдық желінің Ақмола бөлімшесі» филиалының орталық байланыс станциясында бас маман болып жұмыс істейді. Еңбек жолын электромеханик болып бастаған оның бұл салада 6 жылдық еңбек өтілі бар.

Бұл әулет – еңбек адамдарының еңбегі ескерусіз қалмайтынына дәлел. Олар адал қызмет пен ұрпақ сабақтастығы арқылы нағыз кәсіби мұраны сақтап келе жатыр. Қазіргі таңда Бурлиновтар әулеті – жас мамандарға жол көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген теміржол саласының ардагерлері мен кәсіби мамандарынан құралған ұжым іспетті. Олардың үлгілі жолы – болашақ теміржолшыларға бағыт-бағдар болары сөзсіз.