Қорғаныс министрі боксшы Алуа Балқыбекованы медальмен марапаттады

Бүгін, 11:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views58
Қорғаныс министрі боксшы Алуа Балқыбекованы медальмен марапаттады
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Қорғаныс министрлігінде армия спортшысы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы қатардағы Алуа Балқыбекованың құрметіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ол Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов спортшыны жеңісімен құттықтап, оның ерлігі мен табандылығын атап өтті. Министрдің айтуынша, Балқыбекованың жетістіктері жастарға үлгі болып, жеңіске деген сенім мен жігердің маңызын көрсетеді.

Сонымен қатар Қорғаныс министрі Армия орталық спорт клубы бокс командасының басшысы, аға лейтенант Әлішер Омарқұловқа кәсіби еңбегі мен чемпионды дайындаудағы үлесі үшін алғыс айтты.

Елеулі жетістіктері үшін Алуа Балқыбекова «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталды. Ал Әлішер Омарқұловқа мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағы берілді.

Өз кезегінде Алуа Балқыбекова қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдіріп, Қорғаныс министрлігіне әйелдер құрамасының әлем чемпиондары қол қойған бокс қолғаптарын сыйға тартты.

«Мен армия спортының бір бөлігі болғаныма мақтанамын. Әріптестеріме, жаттықтырушыма және Қорғаныс министрлігіне қолдауы үшін алғыс айтамын. Жеңістерім жастарды спортқа баулиды деп сенемін», – деді чемпион.

Іс-шара соңында спортшылар мен жаттықтырушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл салтанат армия спортын дамыту – жоғары жетістіктерге жететін мамандарды дайындаудың маңызды бөлігі екенін көрсетті.