Президент «Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы» атты конференцияға қатысты

Бүгін, 17:59
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views54
Президент  «Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы» атты  конференцияға қатысты
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы» атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушыларын құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың басеасөз қызметіне сілтеме жасап. 

“Құрметті қауым! Баршаңызды аса маңызды тақырыпқа – Түркі өркениетінің түп-тамырын зерделеуге арналған ғылыми конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!  

Қазірдің өзінде халықаралық ғылыми қауымдастық дүние жүзіндегі түрлі елдердің мықты ғалымдары мен зерттеушілерін тоғыстырған осы беделді форумға әлем өркениетінің жылнамасындағы айрықша географиялық және тарихи құбылыс саналатын Алтай мәселесі арқылы түркі дүниесі туралы пікір алмасып, ақпарат бөлісетін бірегей басқосу ретінде назар аударып отыр.  

Көне замандардан бері барша түркінің алтын бесігі болып келе жатқан Алтай бүгінгі әлемдік ғылымның биігінен терең зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Мұндай кешенді зерттеулер аңғары аңызға толы қарт Алтайдың бауырынан өсіп-өнген күллі түркі жұртының мәдени ықпалдастығын нығайту жолында ауқымды халықаралық диалог орнату үшін де қажет. 

Бүгінде Алтайдың төрт тарабын Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттері тең жайлап жатыр. Сондықтан мен жақында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзинде өткен саммитінде «Трансалтай диалогын» бастау туралы ұсыныс айттым. Бұл қадам біздің елдеріміздің мүддесіне сай келетін ғылыми-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпалын тигізеді. 

Ресей әлемдік түркітану ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы бір өте маңызды ғылыми бағыттың алдыңғы шебінде жүрген орыс ғалымдарының археология, этнология, лингвистика, нумизматика және түркі елдерінің тарихына тікелей қатысы бар басқа да салалардағы зерттеу жұмыстары әлемдік ғылымның жетістігі саналады. Сондай-ақ олардың еңбектері қазіргі замандағы бірлік пен ынтымақтың және өзара ықпалдастықтың пәрменді құралы ретінде бағаланады”, - деді Президент.