«Айбозым, айхай бозым»: Астанада Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған кеші өтті
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Айбозым, айхай бозым» шығармашылық кеші өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мерейтой иесін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан қала әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтап, қала басшысының ыстық ықыласы мен жүрекжарды лебізін жеткізді.

Кеш барысында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің дара тұлғасына ерекше құрмет көрсетіліп, елге танымал өнер шеберлері халық композиторларының таңдаулы туындыларын орындады. Сахна төрінде шырқалған әрбір ән мен күмбірлеген күй көрермен көңілін тербеп, ұлттық рухты асқақтатты.

Қайрат Байбосынов – ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына енген, қазақтың дәстүрлі ән өнерін жаңа белеске көтерген дара тұлға. Оның өнері – ұлт руханиятының өлмес мұрасы, кейінгі ұрпаққа өнеге.

